Шахматтан әлем чемпионы Магнус Карлсен Алматыға келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстанның шахмат федерациясы сайтына сілтме жасап.
Алматыға шахматтан әлем чемпионы Магнус Карлсен келді. Әуежайда оны жас жанкүйер – шахматшы Дилайла Сәдуақасова күтіп алған. Дилайла блиц бойынша Қазақстан Республикасының чемпионы, 2019 жылғы Карпова кубогының иегері, Халықаралық шахмат федерациясының FIDE сыйлығының иегері. Мұнымен қоса ол әлем чемпиондары туралы әңгімелейтін "Дилайламен шахмат хикаялары" атты бірегей мәдени-ағартушылық жобасын жасағаны үшін марапатталған. Қонақты қарсы алуға келген әйелдер арасында Дилайла жалғыз бала. Айта кетсек, FIDE 2022 жылды шахматтағы әйелдер жылы деп жариялаған болатын.
"Мен Магнус Карлсеннің мансабына қайран қаламын және оның чемпион ретінде қалыптасуына әкесі үлкен рөл атқарды деп ойлаймын. Мені де отбасым үнемі қолдайды, олардың қолдауынсыз жетістікке жетпес едім. Мен Магнустан ғана емес, оның әкесінен де қолтаңба алдым", - дейді тоғыз жасар Дилайла.
Еске салайық, шахматтан әлем чемпионаты Алматыда 2022 жылдың 25-30 желтоқсанында өтеді. Әлемнің 50 елінің жетекші шахматшылары титулдар үшін таласады. Турнирді ұйымдастырушылар – FIDE мен Қазақстан шахмат федерациясы. Турнир Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында өтеді. Чемпионат Алматы қаласы әкімдігінің және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізілмек. Жүлде қоры – 1 миллион доллар.
Ашық чемпионаттың фавориттерінің арасында қазіргі әлем чемпионы Магнус Карлсен (Норвегия, желтоқсандағы тізімде 2859 рейтинте), Хикару Накамура (АҚШ, 2768), Фабиано Каруана (АҚШ, 2766), Ян Непомнящий (FIDE, 2793), Аниш Гири (Нидерланды, 2764), Александр Грищук (FIDE, 2745), Шахрияр Мамедьяров (Әзірбайжан, 2740), Ян-Кшиштоф Дуда (Польша, 2729), Юй Янъи (Қытай, 2728), қазіргі чемпион - Максим Вашье-Лаграв (Франция, 2737 - Блиц) бар. Сонымен қатар сайысқа басқа да көптеген көрнекті шахматшылар түседі.
Әйелдер арасында Александра Горячкина (FIDE, 2584), Катерина Лагно (FIDE, 2563), Хампи Конеру (Үндістан, 2572), Тан Чжунъи (Қытай, 2518), Нана Дзагнидзе (Грузия, 2517), Харика Дронавалли (Үндістан, 2507), Жансая Әбдімәлік (Қазақстан, 2496), Сарасадат Хадемальшарьех (Иран, 2490), Антоанета Стефанова (Болгария, 2442), қазіргі чемпиондар Александра Костенюк (FIDE, 2520 - рапид) және Бибисара Асаубаева (Қазақстан, 2440) және басқа да танымал шахматшылар бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!