Серік Сәпиевке қатысты жағдай: Қарағандының Спорт басқармасында тексеріс жүргізіледі

Бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен джиу-джитсудан әлем чемпионы Дәурен Есімхановтың арасындағы жағдайға қатысты жаңа дерек шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл жайтқа Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі пікір білдірді.

"Оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі әділ зерделеу мақсатында Спорт басқармасында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тиісті департаменті тексеріс бастады. Сонымен қатар, басқарманың қызметіне кешенді аудит жүргізу көзделіп отыр", - деп жазылған Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі мән-жайды айтты. Ведомство мәліметінше, 21 қаңтарда қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған.

"Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді полиция бұған дейін.

Кейінірек желіде оқиғаның видеосы тарады. Сондай-ақ, боксшының өзі де мәлімдеме жасады.

Серік Сәпиев - 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Қазір ол Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарады.

Дәурен Есімханов - Серік Сәпиевтің орынбасары және танымал спортшы, самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, World Games-тің күміс жүлдегері, джиу-джитсудан әлем чемпионы.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!