Серік Сәпиев соққыға жығылды деген ақпарат тарады: полиция не дейді?

Әлеуметтік желі мен бірқатар БАҚ-та боксшы Серік Сәпиев соққыға жығылды деген ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәліметке сүйенсек, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімхановтың арасында жанжал шыққан. Алдымен кикілжің туындап, арты төбелеске ұласқан. Салдарынан Серік Сәпиев дене жарақатын алған.

Бұл ақпаратқа Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.

"Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді полиция.

Ведомство мәліметінше, 21 қаңтарда қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған.

"Қазір полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды", - деді полиция.

Айта кетейік, Серік Сәпиев - Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!