БАҚ пен әлеуметтік желілерде Серік Сәпиевті өз орынбасары соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады. Осы жағдайдан кейін боксшы мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Мемлекеттік қызметші ретінде өз міндетімді атқару барысында мемлекеттік қызметшінің әдеп қағидаттарын қатаң сақтаймын. Бала кезімнен бапкерлерім маған рингтен тыс жерде күш қолдануға болмайтынын үйретті. Өз мүмкіндігімді жақсы бағалаймын және әрбір іс-әрекетім үшін жауапкершілік арқалайтынымды толық түсінемін. Сондықтан қандай да бір арандатушылықтарға ермеймін. Мәселе толық қаралып, жабық деп есептеледі", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі мән-жайды айтты. Ведомство мәліметінше, 21 қаңтарда қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған.
"Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді полиция бұған дейін.
Кейінірек желіде оқиғаның видеосы тарады.
Серік Сәпиев - 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Қазір ол Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарады.
Дәурен Есімханов - Серік Сәпиевтің орынбасары және танымал спортшы, самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, World Games-тің күміс жүлдегері, джиу-джитсудан әлем чемпионы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!