Серік Сәпиев жаңа қызметке тағайындалды

Серік Сәпиев туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Серік Сәпиев туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі - жазғы ХХ Азия ойындарына дайындық штабының спорт бойынша үйлестірушісі болып тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.

Министрлік мәліметінше, бұл шешім былтыр күшіне енген "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңның жаңа редакциясында көзделген ротация аясында қабылданған.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасында ведомство басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов өз еркімен атқарып отырған лауазымдарынан босатылды. 

Серік Сәпиев туралы не белгілі?

Серік Сәпиев - бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы, 2010 жылы Гуанчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарының жеңімпазы.

Бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, өңірлік басқарма басшысы қызметтерін атқарған. Қазір ол - Ұлттық сурдлимпиада комитетінің президенті. Штаб құрамына Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, ұлттық спорт федерацияларының жетекшілері және спорт саласының ардагерлері енген.

Сәпиев пен Есімхановтың арасындағы жағдай

23 қаңтарда БАҚ пен әлеуметтік желілерде "Серік Сәпиевті өз орынбасары соққыға жыққаны" туралы ақпарат тарады.

Кейінірек Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі мән-жайды айтты. Ведомство мәліметінше, 21 қаңтарда қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған.

"Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді полиция бұған дейін.

Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тарады. Сондай-ақ, боксшының өзі де мәлімдеме жасады.

Дәурен Есімханов - танымал спортшы, самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, World Games-тің күміс жүлдегері, джиу-джитсудан әлем чемпионы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз