Қазақстандық файтер Сергей Морозов UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін өткізіп, жеңіліс тапты.
Ол UFC on ESPN 20 турнирінде ресейлік Умар Нурмагомедовке қарсы жұдырықтасты.
Умар – UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедовтің немере інісі. Ол да Хабиб секілді Абдулманап Нурмагомедовтің қол астында жаттыққан.
Хабиб Нурмагомедов басқаратын Gorilla Fighting Championship промоушенінде екі жекпе-жек өткізіп, аса жеңіл салмақта чемпион атанған.
Жекпе-жек үш раундқа жоспарланған, алайда екінші раундта Умар Сергейді қылқындыру әдісімен ұтты.
Осылайша, Умар Нурмагомедов кәсіби мансабындағы он үшінші жеңісіне қол жеткізді. Ал Сергей Морозов бесінші жеңілісіне ұшырады.
Сенбіден жексенбіге қараған түні UFC-де тағы бір қазақстандық өнер көрсетеді: Жалғас Жұмағұлов (13-4) швед Амир Албазимен (13-1) жұдырықтасады.