- Негізгі бет
- Спорт
- Сенсациямен жеңілген Аргентина...
Сенсациямен жеңілген Аргентина жеңіске жете ала ма?
Бүгін Катардағы әлем чемпионатында бірінші турда сенсациямен жеңілген Аргентина құрамасы екінші матчін өткізеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ойын күнін елорда уақытымен 16:00-де Тунис - Аустралия матчі ашады.
D тобының аутсайдерлері Аль-Вакр қаласында кездеседі. 1/8 финалға жолдама үшін таласқысы келсе, екі ұжым да бүгін жеңіске жетуге тырысады. Данияға қарсы ойында тунистік футболшылар допқа 40 пайыз уақыт иелік етсе де, 0:0 есебін сақтап қалды.
Фото: Reuters
Тунис 1978 жылы әлем чемпионатында дебютін өткізіп, мундиаль матчінде жеңіске жеткен алғашқы африкалық құрама атанған. Дегенмен бүгінде Туниске әлем чемпионатының матчінде жеңу қиын. Команда 1998 жылдан бері мундиальде бір рет қана жеңіске жеткен. Одан бөлек, 5 мәрте тең түсіп, 8 рет жеңілген.
Африкалық команда биыл жолдастық ойындарда Жапония, Чили, Нигерияны жеңді, Даниямен тең түскенін айттық. Тунис ешқашан әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шығып көрмеген. Биыл жақсы мүмкіндік болып тұр.
Аустралия бірінші турда Франциядан 1:4 есебімен жеңілді. Осы әлем чемпионатында есеп ашып, жеңіліп қалған екі құраманың бірі. Команда әлем чемпионатында жеті матч бойы жеңе алмай келе жатыр - оның алтауында қарсыласына жол берген. Францияға қарсы ойыннан кейін аустралиялықтардың бас бапкері Грэм Арнольд "Қолдан келгеннің бәрін істедік" деген.
Фото: Reuters
Аустралиялықтардың жағдайы Тунис футболшыларымен бірдей. Бұл команда 2010 жылдан бері топтық кезеңнен әрі аса алмай жүр.
19:00-де Польша мен Сауд Арабиясы футболшылары "Эдьюкейшн Сити" стадионының жасыл алаңына шығады. Әлемнің үздік шабуылшыларының бірі Роберт Левандовски бірінші турда Польшаға жеңіс сыйлау мүмкіндігін пайдаланбады - Мексика қақпасына пенальтиден гол соға алмай, ойын 0:0 есебімен аяқталған.
Поляк жанкүйерлері өз құрамасынан жақсы нәтиже күтіп жүргеніне 36 жыл болды. Команда кейінгі рет топтан 1986 жылғы мундиальда шыққан. Содан бері не іріктеуден өте алмайды, не топтан шыға алмайды.
Фото: Reuters
Польшаның қарсыласы бірінші турда сенсация жасаған Сауд Арабиясы болады. Азиялық құрама турнир фавориттерінің бірі саналатын Аргентинаны жеңген еді. Сондықтан бүгінгі ойынға араб футболшылары жақсы көңіл-күймен келеді.
Аргентинаға қарсы 100 минуттан аса ойнаған Сауд Арабиясы тағы бір сондай матч көрсетсе, 1994 жылғы жетістігін қайталауы мүмкін. Осыдан 28 жыл бұрын АҚШ-тағы әлем чемпионатында команда алғаш рет топтан шыққан.
Фото: Reuters
Сауд Арабиясы құрамасы негізі еуропалықтарға қарсы сәтсіз ойнады. Кейінгі рет еуропалық команданы сол 1994 жылы жеңген, ол кезде Бельгиядан басым түскен еді. Содан бері кәрі құрлықтың құрамаларына әлі келмей жүр, 2002 жылғы әлем чемпионатында Германиядан 0:8 есебімен оңбай жеңілген.
Сондықтан, араб футболшылары осы сәтсіз серияны тоқтатуға тырысады.
22:00-де әлем чемпионы Франция мен Дания кім мықтыны анықтайды. Қазір D тобында француздар үш ұпаймен көш бастап тұр. Енді бір жеңсе, плэй-офф кезеңіне жолдама алып қояды. Бірақ - бұл жолғы қарсыласы Дания. Биыл бұл командалар Ұлттар лигасында екі рет кездескен. Екеуінде де Дания жеңген еді.
Франция әлем чемпионатының топтық кезеңінде Даниядан жеңілмесе, турнирде жеңіске жететін дәстүр қалыптасты. 1998 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде француздар Данияны 2:1 есебімен жеңген. Төрт жыл бұрын Ресейдегі мундиальдің да топтық кезеңінде кездесіп, 0:0 есебімен тең тарқасқан. Сол екі турнирде де Франция топ жарған еді. Сондықтан бүгінде ырымға сенетін француз жанкүйерлері өз құрамасынан тағы да алтын медаль күтіп жүр.
Фото: Reuters
Дания іріктеудегі 10 матчтің тоғызында жеңіп, қарсылас шақ келтірмеген. Сондықтан жанкүйерлер әлем чемпионатының бірінші турында Тунис қақпасына гол соға алмайды (0:0) деп ойламаса керек. Енді әлем чемпионымен кездеседі. Бірақ бас бапкер Каспер Хьюлманн "Ештеңе шешілген жоқ, әлі мүмкіндігіміз бар" деген еді. Расымен, Данияның әлі мүмкіндігі бар, себебі 2018 жылы Ресейде бірінші турда тең түскен алты команданың бесеуі плэй-офф кезеңіне шыққан.
Фото: Reuters
Даниялықтар кейінгі бес мундиальдің топтық кезеңіндегі екінші тур матчінде жеңілмеген - екі жеңіс, үш тең ойын. Оның үстіне, француздарды биыл екі рет жеңген. Сондықтан бүгін де үш ұпайға көз тігеді.
Түнгі 1:00-де өткен турда жолы болмаған Аргентина мен Мексиканың матчі басталады. Аргентиналықтар бірінші турда күтпеген жерден Сауд Арабиясынан 1:2 есебімен жеңіліп қалған еді. Сол ойында үш голы офсайдқа байланысты есептелмеген. Осылайша, Аргентинаның 36 матчқа созылған жеңіліссіз сериясы үзілген болатын.
Аргентина әлем чемпионатын алтыншы рет жеңіліспен бастады. 1990 жылы Аргентина алғашқы ойынында жеңіліп қалса да, финалға жеткен еді. Сондықтан аргентиналық жанкүйерлердің қобалжуына әлі ерте.
Фото: Reuters
Лионель Месси бастаған футболшылар Мексикамен жақсы ойнайды. Әлем чемпионатында Мексикаға қарсы кейінгі үш матчте Аргентина жеңіске жеткен болатын. Жалпы, Солтсүтік Америка өкілінен кейінгі рет 2004 жылы жеңілген.
Фото: Reuters
Ал Мексика Аргентинаға қарсы сәтсіз сериясын тоқтатпаса, жағдайы қиындай түседі. Себебі команда бірінші турда Польшамен тең тарқасқан. Бүгін жеңіліп қалса, топтан шығу мүмкіндігі азаяды. Мексикалықтар 1/8 финалда ойнап үйреніп қалған. 1994 жылдан бері қатарынан жеті мундиальда плэй-офф кезеңіне шыққан.
Айта кетейік, Massaget.kz порталы әлем чемпионатына байланысты болжам бәйге өткізіп жатыр. Бас жүлде - iXXi Extreme планшеті! Болжам бәйгенің ережесін толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш