Сенсациялар мен әттеген-айлар. Қазақ спортының 2022 жылдағы топ-10 оқиғасы

Сенсациялар мен әттеген-айлар. Қазақ спортының 2022 жылдағы топ-10 оқиғасы

2022 жыл қазақ спорты үшін қай оқиғалармен есте қалды? Біз биыл спортымызда болған топ-10 оқиғаны еске түсірмекпіз. Оның ішінде қазақстандықтардың жеңісі де, жеңілісі де бар. Бүкіл ел талқылаған жеңілісті де елемеу кетуге болмайды. Massaget.kz тілшісі назарларыңызға қазақ спортындағы биылғы топ-10 оқиғаны ұсынады.

Шорттрекшілер таңғалдырды


Фото: olympic.kz

Биыл Алматыда шорт-тректен Әлем кубогының кезеңі өтті. Елімізде тұралап қалған қысқы спортта әлем кубогының кезеңінен жүлде алу үлкен жетістік саналады. Оның үстіне, жарыс биыл Алматыда өтуі қазақстандықтар арасында қысқы спорттың танылуына сәл де болса үлес қосты деп ойлаймыз. 

Алматы Әлем кубогы кезеңінің 3 және 4-кезеңін қабылдады. 

Үшінші кезеңде қазақстандық Денис Никиша 500 метрге жарыста күміс медаль еншіледі. 

Бірнеше күннен соң төртінші кезең басталып, Денис 500 метрге жарыста қола медаль жеңіп алды. Келесі күні дәл сол жарыста Никиша алтын медаль иеленді. Ол 500 метрді 41,850 секундта жүгіріп өтті.

Алан Құрманғалиев - әлем чемпионы


Фото: Olympic.kz

Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының мүшесі Алан Құрманғалиев биыл біраз жетістікке жетті. Ол жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қола медаль алған алғашқы қазақстандық атанды. Ал желтоқсанның басында ол жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, аралас жұптық сында алтын медаль иеленді. Артынша жекелей сында қола жүлде жеңіп алды. 

Бұл жетістігі Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады, Қасым-Жомарт Тоқаев әлем чемпионы атанғаннан кейін Аланды құттықтаған болатын.

Жалпы, 15 жастағы спортшы 2022 жылы халықаралық сайыстарда 17 медаль жеңіп алған. Таяуда ол "Қазақстанның үздік жас ойыншысы" атағын алды.

Қысқы Олимпиададан жүлдесіз қайттық


Фото: olympic.kz

Тізімге Қазақстан құрамасының қысқы Олимпиада ойындарындағы сәтсіз өнерін қосуды жөн көрдік. Биылға дейін Қазақстан үш Олимпиада бойы жүлдемен қайтуды дәстүрге айналдырып келе жатқан. 2010 жылы биатлоншы Елена Хрусталева күміс, 2014 жылы мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен мен 2018 жылы могулшы Юлия Галышева қола медаль алған еді.

Бірақ Бейжіңде жүлде бұйырмады. Жанкүйерлер фристайл, шорт-трек не конькимен жүгіруден бір медаль түседі деп күткен. Могулдан Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхард финалға шыққанымен жүлдеге іліге алмады. Конькимен жүгіруден ең үздік нәтижеміз Надежда Морозованың 11-орны болды. 

Медальға ең жақыны шорт-трек еді, бірақ Абзал Әжғалиев 500 метрге жарыста 4-орын, аралас эстафетада Қазақстан құрамасы 5-орын алып қалды. 

Осылайша, кейінгі 4 қысқы Олимпиадада алғаш рет спортшыларымыз елге жүлдесіз оралды.  

Шавкат Рахмонов үздіктер қатарында


©UFC

Биыл Шавкат Рахмоновтың UFC рейтингінде көтеріліп, топ-файтерлер қатарына кіруін де атап өту қажет. 2022 жылы Шавкат екі жекпе-жек өткізді. Ақпанда Карлстон Харристі нокаутпен жеңсе, маусымда рейтингтің топ-10 қатарына кіретін Нил Магнимен кездесті. Сол кезде Рахмонов қарсыласын "гильотина" әдісімен жеңді. Екеуінде де турнирдің үздік жекпе-жегі атағын алды.

Сол жеңісінен кейін Шавкат Рахмонов UFC рейтингінің жартылай орта салмақтағы топ-10 тізіміне енді. Қазір Шавкат UFC-де титул иеленуі мүмкін файтерлер қатарына жатады.

Айтпақшы, биыл желтоқсанда Шавкат әлемге атақты UFC 4 бейнеойынына қосылды. Бұл да - қазақстандық файтердің фан-базасы көбейгенінің себебі.

Енді Рахмонов келер жылы қаңтарда рейтингте 7-орында тұрған, америкалық Джефф Нилмен кездеседі.

Айдос Ербосынұлының ауыр жеңілісі


©bigfightweekend.com

Қазақстандықтар биыл күзде Айдос Ербосынұлын өте жиі талқылады. Өкінішке қарай, жеңісін емес. 6 қарашада Миннеаполисте Ербосынұлы кубалық Давид Моррелден 12-раундта нокаутпен жеңілген. 

Бірақ бәрі сол жеңіліспен біте қойған жоқ, жекпе-жектен соң қазақстандық боксшы жасанды комаға түскені хабарланды. Дәрігерлер оған бассүйек миы жарақатын алды деген диагноз қойып, ота жасаған.

Барша бокс жанкүйері оның денсаулығына алаңдады. Айдос екі апта бойы комада жатып, қарашының аяғында ғана есін жия алды. Ал желтоқсанның басында боксшы елге оралып, жанкүйерлеріне қолдауы үшін алғыс білдірді.

Бокстан Азия чемпионатындағы табыс


Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

Бокстан биылғы Азия чемпионаты біздің құрама үшін табысты болды. Иорданиядағы доданың ерлер мен әйелдер арасындағы жарысын жалпы есептегенде Қазақстан құрамасы 21 жүлде еншілеп қайтты. Медаль саны бойынша Қазақстаннан кейін Өзбекстан тұр, олар 13 жүлде алған. 

Қазақстан ерлер құрамасы сапында Санжар Тәшкенбай, Асланбек Шымбергенов, Айбек Оралбай Азия чемпионы атанды. Бірақ алты боксшымыз финалда жеңіліп қалды. 

Ал әйелдер құрамасынан 4 боксшымыз финалға шыққан, Алуа Балқыбекова, Жайна Шекербекова және Карина Ибрагимова алтын медаль иеленді.

Осылайша, 6 алтын, 7 күміс және 8 қола медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-орын алды. 

Головкиннің Канелодан жеңілісі


Фото: Reuters

Тізімге қазақстандық тағы бір боксшының жеңілісін қостық. Себебі Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің үшінші жекпе-жегін бүкіл әлем күтіп, талқылаған еді. 

40 жастағы Головкин осы кездесу үшін карьерасында алғаш рет екінші орта салмаққа көтерілді. Дегенмен, Канело бұл кездесуде де жеңіске жетті. 12 раунд қорытындысы бойынша төрешілер 116-112, 115-113 және 115-113 есебімен жеңісті мексикалыққа берді. 

Осылайша, GGG карьерасында екінші рет жеңілді. Екеуі де Канелодан. Дегенмен - Головкин әлі де әлем чемпионы. Ол орта салмақтағы IBF, WBA Super және IBO титулдарына ие.

Рыбакинаның Уимблдондағы жеңісі


Фото: Reuters

Тізіміміздің үздік үштігін теннисші Елена Рыбакина ашады. Қазақстандық теннисші биыл бүкіл әлемді таңғалдыра алды. Биылғы Уимблдон алдында Еленадан ешкім жеңіс күте қоймады. Себебі турнирге рейтингте одан жоғары тұрған біраз мықты қатысты. 

Алайда Рыбакина турнирдің алғашқы кезеңдерінде Коко Вандевеге, Бьянка Андрееску, Чжэн Циньвэнь мен Петра Мартичті жарыс жолынан шығарып тастап, карьерасында екінші рет ширек финалға жолдама алды. Ол төрт қарсыласын да 2:0 есебімен сенімді жеңді.

Отандасымыз ширек финалда Айла Томляновичті жеңіп, "Үлкен дулыға" турнирі жекелей сынының жартылай финалына шыққан алғашқы қазақстандық атанды. 1/2 финалда Симона Халепті де қиналмай жеңіп, финалға өтті. Онда да сенсациясы аяқталмай, финалда тунистік Онс Жаберден басым түсті.

Осылайша, қазақстандық теннисші Уимблдон жеңімпазы атанды.

Жәнібек Әлімханұлы - әлем чемпионы


©twitter.com/qazaqstyle

Биыл Жәнібек Әлімханұлына өте жемісті жыл болды. Отандасымыз мамырда ұлыбританиялық Дэнни Дигнумды жеңіп, WBO тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы атанған.

Артынша әлем чемпионы атағын титулдың сол кездегі иегері америкалық Деметриус Андрадемен сарапқа салуы қажет болған. Алайда Андраде Жәнібекпен жекпе-жек өткізуден бас тартып, титул автомат түрде Әлімханұлына өтті. Осылайша, Жәнібек орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды.  

Биыл қарашада Жәнібек титулын қорғап та үлгерді. Ол ұлыбританиялық Дензел Бентлиді төрешілер шешімімен жеңді.

Футболшыларымыздың сенсациясы


©ҚФФ

Бір жыл бұрын жылдың басты оқиғасы деп дәл осы команданың жеңісін айтамыз десек, ешкім сенбес еді. Біздің тізімде футболдан Қазақстан құрамасының жеңісі бірінші орын алды.

Жазда Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы жорығын бастағанда көп жанкүйер оған пессимистік көзбен қарады. Себебі бір жыл бұрын ғана біздің команда С дивизионындағы топта соңғы орын алып, төменгі лигаға ұшып кетуге жақын болған. Оның үстіне биыл топта Беларусь, Әзербайжан және Словакия секілді азулы құрамалармен бір топқа түстік.

Дегенмен біздің футболшылар жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Алдымен өз алаңында Әзербайжанды, сырт алаңда Словакияны жеңіп, сенсация жасады. Артынша Беларусьпен тең түсті. Көп ұзамай Словакияны өз алаңында да жеңе алды.

Қыркүйекте ұлттық құрама "Астана Аренада" Беларусьті жеңіп, тарихи жетістікке қол жеткізді. Бесінші турдан соң біздің құрама мерзімінен бұрын топта бірінші орын алды. Тек соңғы, маңызы жоқ ойында Әзербайжаннан жеңіліп қалды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы топтағы алты ойынның төртеуінде жеңіп, бір мәрте тең түсіп, бір рет жеңіліп қалды.

Мұны тарихи жетістік деп айтатынымыз - енді Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасына таласады. Одан бөлек, ұлттық құрама енді В дивизионында ойнайды.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш