Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы топтық кезеңіндегі екінші ойында Словакияны ұтты. Трнавада өткен ойында отандастарымыз 1:0 есебімен жеңіске жетіп, сенсация жасады.
Қазақстан ұлттық құрамасына жеңіс сыйлаған голды 26-минутта Аслан Дарабаев соқты. Ал оған дейін Абат Айымбетовте гол соғатын бір мүмкіндік болған.
Екінші таймда алаң иелері шабуылын үдетті. Таразы басын теңестіруге асықты. 77-минутта Ладислав Алмази көзге түсіп, есепті теңестірді. VAR қараған бас төреші нәтижені есепке алған жоқ. Шабуылға дейін ойын тәртібі бұзылған.
Екі құрама өз тарихында алғаш рет кездесті. Словакияның белді ойыншылары Еуропаның үздік командаларында доп тебеді. Сондықтан да ұлттық құраманың жеңісін сенсация деп бағалауға болады.
Айта кетейік, Магомед Адиев жаттықтыратын Қазақстан құрамасы топтағы бірінші ойында Әзербайжан жігіттерін 2:0 есебімен ұтқан болатын. Словакиямен өткен ойыннан кейін 6 ұпаймен топта көш бастады.
Келесі ойынын Қазақстан құрамасы маусымның 10-ынан 11-іне қараған түні (00:45-те) Белорусь құрамасына қарсы өткізеді.