Сегіз жыл сақталған кек. Нидерланд пен Аргентина реванш өткізеді

Катардағы әлем чемпионатының шешуші сәтіне жақындадық. Бүгін ширек финал матчтері басталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Астана уақытымен 21:00-де Хорватия мен Бразилия ойыны басталады. Хорваттар 1/8 финалда Жапонияпен пенальти тебісіп, Доминик Ливакович матч қаһарманы болған. Себебі ол әлем чемпионатында матчтен кейінгі пенальти сериясында үш соққы қайтарған үшінші қақпашы атанды. Златко Далич командасы үшінші рет ширек финалға шығып отыр. Алдыңғы екеуінде "шақпақ түстілер" жартылай финалға шыққан еді. Сондықтан бұл кезеңде хорваттар қалай жеңу керегін біледі.


Фото: Reuters

2018 жылғы әлем чемпионатында күміс медаль алған Хорватия биыл нәтижелі ойын көрсетіп жатқан жоқ, бірақ тәжірибелі команда екенін көрсетті. Хорваттар былтырғы жаздан бері бір мәрте ғана жеңілді. Жалпы, әлем чемпионатында 2014 жылдан бері бір рет жеңілді - 2018 жылғы мундиаль финалында француздардан. Сондықтан бұл құрамамен халықаралық аренада кез келген команда санасады.

Бірақ Хорватияны жеңетін бір құрама бар десек, бұл - Бразилия. 1/8 финалда Оңтүстік Кореяны 4:1 есебімен тас-талқан еткен "селесао" көптен күткен жүлдесіне бір қадам жақындады. Сол ойында төрт голды да бірінші таймда соғып тастап, үзілістен кейін энергиясын құртпай, әдемі жеңген. 


Фото: Reuters

Әлемнің бес дүркін чемпионы мундиальде Хорватиямен екі рет кездесіп, екеуінде де жеңіске жеткен. Тағы екі жолдастық матч тең аяқталған еді. Дегенмен Бразилия жанкүйерлеріне ұнамайтын басқа бір статистика бар. 1998 жылдан бері Бразилия 5 мәрте плэй-офф кезеңінде жеңілген және бесеуінде де оларды еуропалық команда тоқтатқан.

2022 жылғы әлем чемпионатының ширек финалына бірінші болып шыққан екі құрама бүгінгі матчтер күнін жабады. Түнгі 01:00-де Нидерланд пен Аргентина кездесуі басталады. "Лусаил" стадионы жиналатын 88 мың жанкүйер мен миллиондаған телекөрермен бұл құрамалар 2006 және 2014 жылдардағы сүреңсіз ойынын қайта көрсетпейді деп үміттенеді. Сол екі матчтің де негізгі уақыты 0:0 есебімен аяқталғаны есімізде. Бірақ бұл ойында көп гол көруіміз де әбден мүмкін. Себебі екі құрама да кейінгі матчтерінде кем дегенде екі гол соғып жүр.

1/8 финалда АҚШ-ты 3:1 есебімен сенімді жеңгеннен кейін Нидерланд құрамасының 71 жастағы бас бапкері Луи ван Гал өз командасының тұңғыш рет әлем чемпионы болуына мүмкіндігі барын айтқан еді. Ван Галдың да бұл кездесуде алар есесі бар - 2014 жылғы мундиальдің жартылай финалында Аргентина Нидерландты жеңген кезде, ол бас бапкер болған еді.


Фото: Reuters

Аргентина құрамасы кейінгі бес мундиальдің төртеуінде ширек финалға жете алды. Енді 2018 жылы Франциядан 1/8 финалда жеңілгенін ұмыта беруіне болады. Биыл ширек финалға шығу үшін Аустралия құрамасын 2:1 есебімен жеңді. "Альбиселете" топтық кезеңнің бірінші матчінде Сауд Арабиясынан жеңіліп қалғаннан кейін қазір өз ойынын қайта көрсете бастады. Катардағы кейінгі үш матчінде бір ғана гол жіберді, оның өзі - автогол. Сондықтан үш ойын бойы қарсылас футболшылары Аргентина қақпасынан саңлау таба алмай жүр.


Фото: Reuters

45 жастағы Лионель Скалони бүгін тәжірибелі ван Галмен кездесетінін "мақтаныш сәті" деп атаған. Бірақ "менің ойыншыларым осындай матчтер үшін туды" деген еді. Аргентина ойын бастала сала басымдықты өз қолына алуға тырысады, себебі биыл өткен 13 матчтің 11-інде Аргентина бірінші таймды жеңімпаз ретінде аяқтаған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!