Сәтпаев “Челси“ сапында қай нөмірде өнер көрсететіні белгілі болды

Лондонның "Челси" клубы Аустралия мен Азиядағы маусымалды турнесіне қатысатын футболшылардың ойын нөмірлерін жариялады. Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сатпаев бұл кездесулерде 36-нөмірлі жейдемен алаңға шығады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 1bol.kz-ке сілтеме жасап. 

Клубтың ресми тізіміне енген 28 футболшының арасында Коул Палмер 10-нөмірді, Жоау Педро 20-нөмірді, Эстевао 41-нөмірді иеленсе, Сатпаевқа 36-нөмір берілді.

Турне барысында "Челси" Сиднейде "Вестерн Сидней Уондерерс" пен "Тоттенхэмге" қарсы ойнайды. Кейін лондондықтар Гонконгта "Ювентуспен", Джакартада "Миланмен" және Малайзияда "Джохор Дарул Такзиммен" кездеседі.

Айта кетейік, клуб бұл нөмірлердің тек маусымалды дайындық кезеңіне арналғанын ескертті. Сондықтан футболшылардың 2026/27 жылғы маусымдағы тұрақты ойын нөмірлері кейінірек анықталады.

Бұған дейін "Челсиде" 36-нөмірді Джо Кинан, Патрик Бэмфорд, Рубен Лофтус-Чик, Кайл Скотт, Лукас Бергстрём, Габриэл Слонина және Дейвид Вашингтон киген. Бұл нөмір көбіне негізгі құрамға енді ғана қосылып жатқан жас ойыншыларға беріліп келген.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!