Сәпиевпен төбелескен Есімхановтың бұған дейін де басы дауға қалған

Сәпиевпен төбелескен Есімхановтың бұған дейін де басы дауға қалған
Фото: gov.kz

Бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен джиу-джитсудан әлем чемпионы Дәурен Есімхановтың арасындағы жағдайға қатысты жаңа дерек шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дәурен Есімхановтың басы бұған дейін де дауға қалған. Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек,  2025 жылы 16 шілдеде облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Есімхановпен жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Ресми ақпаратта лауазымдық міндетін атқару кезінде мемлекеттік қызметтің әдеп қағидатын, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын сақтау мәселесі бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілгені айтылған. Алайда нақты себебі не екені ашық көрсетілмеген.

gov.kz

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі мән-жайды айтты. Ведомство мәліметінше, 21 қаңтарда қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған.

"Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді полиция.

Серік Сәпиев - 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Қазір ол Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарады.

Дәурен Есімханов - Серік Сәпиевтің орынбасары және танымал спортшы, самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, World Games-тің күміс жүлдегері, джиу-джитсудан әлем чемпионы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget