Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Дене шынықтыру және спорт басқармасында болған оқиғаға пікір білдіріп, бұл мәселеге асығыс баға беріп, жедел қорытынды жасауға болмайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, тексеріс, тергеу аяқталғаннан кейін құқықтық баға беріледі.
"Тәртіпбұзушылық бар және ол үшін жауапкершілік те болуға тиіс. Сонымен қатар, заң талаптарына сәйкес үздіксіз атқарылуы қажет жұмыс бар. Бұған дейін де ашық мәлімдегенбіз және тағы да қайталап өтемін: бұл жағдай бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеріс жүргізеді, сондай-ақ, басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалады. Қазір бұл оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр, әрбір әрекетке құқықтық баға беріледі", - деді өңір басшысы аппарат кеңесі барысында.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі мән-жайды айтты. Ведомство мәліметінше, 21 қаңтарда қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған.
"Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді полиция бұған дейін.
Кейінірек желіде оқиғаның видеосы тарады. Сондай-ақ, боксшының өзі де мәлімдеме жасады.
Серік Сәпиев - 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Қазір ол Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарады.
Дәурен Есімханов - Серік Сәпиевтің орынбасары және танымал спортшы, самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, World Games-тің күміс жүлдегері, джиу-джитсудан әлем чемпионы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!