- Негізгі бет
- Спорт
- Санатәлі Төлтаев үш...
Санатәлі Төлтаев үш бірдей Олимпиадаға қатысқан боксшыдан жеңілді
Бокстан Қазақстан құрамасының тағы бір боксшысы Ташкенттегі жарыс жолынан шығып қалды. 63,5 кило салмақта Санатәлі Төлтаев Маврикия елінен келген 35 жастағы Ричарно Колиннен жеңілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жекпе-жек қазақстандық боксшы үшін оңай соқпады. Санатәлі үшін Ричарно Колин бойы ұзын ыңғайсыз қарсылас болды. Одан өзге үш бірдей Олимпиада ойындарына (2008, 2012, 2020) қатысқан тәжірибелі боксшы.
Маврикиялық боксшы қорғана жүріп қапысын тапты. Бірінші раундты өз пайдасына шешті. Екінші раундты Санатәлі сәтті өткізіп, басымдықты өз жағына бұрды. Алайда үшінші раундты қоса алғанда төрешілер қарсыласын жеңімпаз деп таныды.
Келесі кезеңде Ричарноны Өзбекстандағы тегі қазақ боксшы Руслан Абдуллаев күтіп тұр. Ол 1/16 финалда испан боксшысын бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп шықты.
Айта кетейік, кеше Қазақстан құрамасы сапында Талғат Сырымбетов жарысты екінші айналымда аяқтаған еді. Бүгін кеште ауыр салмақта жұдырықтасатын Қамшыбек Қоңқабаев шаршы алаңға шығады.
О. Сансызбай