Бокстан Ташкенттегі әлем чемпионаты жалғасуда. 63,5 кило салмақта шаршы алаңға шыққан Санатәлі Төлтаев Израиль елінен келген Ахмад Штивиді жеңіп, 1/16 финалға шықты.
Санатәлі бірінші раундты сәтті өткізіп, шабуылда ширақ, қорғаныста қарымды көрінді. Алайда екінші раундта қарсыласы қарқын қосып, дәл соққыларын дарыта білді. Үшінші раундта екі боксшы да аянып қалмады. Жеңіс үшін барын салып жұдырықтасты. Қорытындысында төрешілердің шешімі бойынша отандасымыз жеңіске жетті.
Ахмад Штиви кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген спортшы. Осыған дейін 8 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.
1/16 финалда Санатәлі Маврикия елінен келген 35 жастағы Ричарно Колинмен қолғап түйістіреді. Қарсыласы бұған дейін үш Олимпиада ойындарына қатысқан. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында да бақ сынаған тәжірибелі боксшы.
Айта кетейік, бүгін шаршы алаңға шыққан Сағындық Тоғамбай да бірінші жекпе-жегінде жеңіске жеткен еді.