Бокстан Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында 86 килоға дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан Сағындық Тоғамбай бірінші жекпе-жегін сәтті өткізді. Конго Демократиялық Республикасынан келген қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.
Жастар арасында үш дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие отандасымыз Натан Нланду Мбелиге мықтылығын мойындатты. Екінші раундта қарсыласын екі рет нокдаунға түсірді. Үшінші раундта төреші жекпе-жекті тоқтатып, Сағындық техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
1/8 финалда қазақ боксшысы өзбекстандық Шохжахон Абдуллаевпен жұдырықтасады.
Айта кетейік, кеше Талғат Сырымбетов пен Айбек Оралбай алғашқы жекпе-жектерінде жеңіске жеткен еді. Бүгін кешкі сессияда Санатәлі Төлтаев (63,5 кило) шаршы алаңға шығады.