Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Елена Рыбакина Цинциннатиде өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы хард турнирінде кезекті жеңісіне қол жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚТФ-ға сілтеме жасап.
Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған қазақстандық теннисші үшінші айналымда WTA рейтингінің 41-сатысындағы Польша өкілі Магдалена Фрехпен кездесті.
Матч екі сетке созылып, екінші партияның жеңімпазы тай-брейкте анықталды. Кездесу Елена Рыбакинаның (6:4, 7:6 (7:2) жеңісімен аяқталды.
Жаңбырға байланысты матч уақытша тоқтатылды. Теннисшілер кортта тура екі сағат өткізді. Осы уақыт ішінде Елена Рыбакина бес эйс жасап, төрт қос қатеге жол берді және 18 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды.
Осылайша, Елена Рыбакина АҚШ-тағы турнирдің төртінші айналымына шықты. Ол келесі кезеңде әлемдік рейтингте 14-орында тұрған ресейлік Диана Шнайдермен кездеседі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова