Рыбакина ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанды

Рыбакина ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанды
Фото: ҰОК

Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина WTA рейтингінде алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.

14 қыркүйекте аяқталған US Open-2026 турнирінің қорытындысы бойынша әлемдік рейтингтің жаңартылған нұсқасы жарияланды. Қазақстандық теннисші бірінші орынға көтеріліп, бұған дейін көш бастап келген Беларусь өкілі Арина Соболенконы басып озды.

Бұл - Елена Рыбакинаның кәсіби мансабында әлемдік рейтингте алғаш рет көш бастауы.

Сонымен қатар, Елена Рыбакина Қазақстан тарихында ерлер мен әйелдер арасындағы жеке сында әлемдік рейтинге бірінші орынға көтерілген тұңғыш спортшы атанды.

Қазақстандық теннисші US Open турнирінде финалға дейін жетіп, шешуші кездесуде Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңіп, турнир жеңімпазы атанды.

Нью-Йорктегі бұл жеңіс Елена Рыбакина үшін US Open турниріндегі алғашқы чемпиондық атақ әрі "Үлкен дулыға" жарыстарындағы үшінші жеңісі болды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget