- Негізгі бет
- Спорт
- Рыбакина әлемнің экс-бірінші...
Рыбакина әлемнің экс-бірінші ракеткасын төртінші рет жеңіп, Майамидегі турнирдің финалына шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Майамиде (АҚШ) өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің жартылай финалындағы матчын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстандық теннисші бұл кезеңде әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, Беларусь теннисшісі Виктория Азаренкомен кездесті. Азеренко қазір әлемдік рейтингіде 32-орында тұр. Ол ширек финалда Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцеваны жеңген еді. Алайда қатарынан екі бірдей қазақстандық теннисшіден айласын асыра алмады.
Елена Рыбакина қарсыласын 6:4, 0:6, 7:6(2) есебімен жеңді.
2 сағат 33 минутқа созылған матч кезінде қазақстандық спортшы 11 эйс пен үш қос қателік жасады. 11 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Ал қарсыласы сегіз эйс пен алты қос қателік жасап, сегіз брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды.
Осылайша, теннисшілердің өзара кездесулеріндегі есеп 4:0 болды, Елена алда тұр.
Back-to-back Miami finals 🙌
— wta (@WTA) March 28, 2024
Elena Rybakina wins an epic 6-4, 0-6, 7-6(2) clash with Azarenka!#MiamiOpen pic.twitter.com/3BKFzqHmEM
Енді Рыбакина финалда әлемнің 16-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александрова мен WTA рейтингінде 53-орында тұрған америкалық Даниэль Коллинз арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.
Еске салайық, Елена Рыбакина былтыр Майамидегі дәл осы турнирдің финалына дейін жетіп, ақтық сында чехиялық теннисші Петра Квитоваға есе жіберген еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан