Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің финалына шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап.
Елена Рыбакина жартылай финалда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен ойнады. Олар осыған дейін үш рет кездесіп, соның екеуінде қазақстандық теннисші ұтқан еді.
Бұдан екі ай бұрын Рыбакина Аустралия ашық чемпионатында әлемнің 1-ракеткасын 6:4, 6:4 есебімен жеңген.
Бұл жолы бірінші партияда Елена брейкпен алға шықты. Содан кейін тағы бір брейкпен бітірді – 6:2. Рыбакина екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 4:0. Содан кейін есеп 5:1 болып, өзі доп бергенде, екі матчболын пайдалана алмады. Дегенмен матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:2.
Елена Рыбакина 1 сағат 15 минутқа созылған ойында 7 эйс жасап, 5 брейк-пойнтты түгел өз есебіне жазды. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.
Осылайша, қазақстандық теннисші әлемнің бірінші ракеткасын айқын басымдықпен ұтып, спорттық карьерасында алғаш рет Индиан-Уэллс жарысының (жүлде қоры – 8,8 миллион АҚШ доллары) финалына өтті.
Ол соңғы бәсекеде әлемнің 2-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенкомен бас жүлдені сарапқа салады. Арина Соболенко жартылай финалда әлемнің 7-ракеткасы, грекиялық Мария Саккариді жолдан тайдырды – 6:2, 6:3.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!