Роналдуға жаңа сынақ табылды. Бұл жолы қандай?

Бүгін футболдан әлем чемпионаты топтық кезеңінің екінші туры аяқталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елорда уақытымен 16:00-де Камерун мен Сербия құрамалары арасындағы кездесу басталады. Екі команда да G тобындағы алғашқы кездесуінде жеңіліп қалған. Бүгін жеңілген команда плэй-офф кезеңімен қоштаса беруіне болады. Бірақ бұл таңғаларлық нәтиже бола қоймас. Себебі екі құрама да кейінгі қатысқан үш мундиальда топтан шыға алмаған.

Камерун құрамасы өз тарихында плэй-офф кезеңіне тек 1990 жылғы әлем чемпионатында шыққан. Команда мундиальде қатарынан 8 матч бойы жеңіліп келе жатыр. Бүгін де қарсыласына жол берсе, жеңіліс сериясы бойынша Мексиканың антирекордын қайталайды.


Фото: Reuters

Ал Сербия құрамасының африкалық командаларға қарсы жолы болмайды. 2006 жылғы әлем чемпионатында Кот-д'Ивуардан, 2010 жылы Ганадан жеңіліп қалған. Еуропалық команда әлем чемпионатындағы кейінгі жеті матчінде 4 гол ғана соға алды. Сондықтан Сербия да, Камерун да бүгін көрсеткішін жақсартуға тырысады.


Фото: Reuters

19:00-де Оңтүстік Корея - Гана матчі басталады. Корей футболшылары бірінші турда Уругваймен тең түскен. Сондықтан азиялықтар топтан шығуға мүмкіндігі сақтаулы. Ал Гана 2:3 есебімен Португалияға жол берген еді.

Оңтүстік Корея қатарынан оныншы мундиальге қатысып жатыр. Бірінші ойыннан кейін корейлердің бас бапкері Пауло Бенто өз командасын мақтап, "ұжымның әр элементін бағалаймыз" деген еді. Оңтүстік Кореяның бас жұлдызы Сон Хын Мин Уругвайға қарсы ойында көзге түсе қоймады, енді Ганамен матчті асыға күтіп жүр.


Фото: Reuters

Әлем чемпионаты тарихында ешбір африкалық команда Гана құрамасының 2010 жылғы жетістігін қайталай алмады. 12 жыл бұрын ганалықтар ширек финалға жеткен еді. Дегенмен, Катарда бірінші турда жеңіліп қалған Гананың жағдайы мәз емес. Енді жеңілуге болмайды, әйтпесе плэй-офф кезеңімен қоштаса беруіне болады.

G тобының тағы бір кездесуінде Бразилия мен Швейцария құрамалары кездеседі. Бұл ойын 22:00-де басталады.

"Селесао" бүгін үш ұпай иеленсе, плэй-офф кезеңіне шықты дей беруге болады. Сербияға қарсы кездесуде Бразилияның басты жұлдызы Неймар жарақат алып қалған еді, енді ол кем дегенде алдағы екі ойынға қатыспайды. Бірақ бірінші турда дубль жасаған Ришарлисон қатарда.


Фото: Reuters

Швейцарияның да еншісінде үш ұпай бар, Камерун құрамасын 1:0 есебімен жеңген еді. Статистикаға қарасақ, командалардың өзара кездесуі тең деңгейде өткен. 9 матчтің үшеуінде Бразилия, екеуінде Швейцария жеңсе, қалған төрт ойын тең есеппен аяқталған.


Фото: Reuters

Бас бапкер Мурат Якин "бұл Швейцария тарихындағы ең мықты құрама" деп атаған еді. Оны биыл Португалия және Испания сияқты топ-құрамаларды жеңуімен дәлелдеді. Ендігі басты сынақ - ФИФА рейтингінде көш бастап тұрған Бразилия.

Түнгі 1:00-де Н тобындағы Португалия мен Уругвай матчі басталады. Қазір Португалия үш ұпаймен топта көш бастап тұр, Уругвайда бір ұпай бар. 

Португалия 2018 жылы кеткен есесін қайтаруға тырысады. Төрт жыл бұрын Ресейдегі мундиальдің 1/8 финалында Уругвай Португалияны 2:1 есебімен жеңген болатын.

Дегенмен Уругвай қақпасына гол соғу қиын болады. Себебі Оңтүстік Америка өкілі 2014 жылдан бері топтық кезеңде гол жібермеген. Бес ойын бойы әлем чемпионатының топтық кезеңінде ешкім Уругвай қақпасына гол соғып көрмеген.


Фото: Reuters

Ал бұл Португалия жұлдызы Криштиану Роналдуға жақсы сынақ болмақ. Рекорд бұзғанды жақсы көретін форвард бүгін Уругвай қақпасына кем дегенде бір гол соғуға тырысады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!