Роналду мен мундиаль рекордшылары: бүгін Катарда кімдер матч өткізеді?

Роналду мен мундиаль рекордшылары: бүгін Катарда кімдер матч өткізеді?
Фото: Reuters

Катардағы әлем чемпионатының кезекті ойын күнінде жанкүйерлерді бірнеше қызық ойын күтіп тұр. Турнир фавориті Бразилия мен Криштиану Роналду бастаған Португалия жарыс жолына шығады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ойын күнін Швейцария - Камерун матчі ашады. Бұл кездесу елорда уақытымен 16:00-де басталады. 

Құрамалар өз тарихында алғаш рет кездеседі. Швейцария ФИФА рейтингінде жоғары тұр - 15-орын. Ал Камерун құрамасы қазір 43-орында. Одан бөлек, Швейцария құрамы трансферлік бағасы бойынша алда, еуропалық ұжым 281 миллион еуроға бағаланған. Ал Камерун құрамының құны - 155 миллион еуро.


Швейцария құрамасы. Фото: Reuters

Екі команда да әлем чемпионатында жүлде алып көрмеген, ең үлкен жетістігі - ширек финал.

Швейцария кейінгі 9 матчте 3 рет қана жеңді - 1 мәрте тең түсіп, 5 рет жеңілген. Ал Камерун 4 матч бойы жеңе алмай келе жатыр - 2 тең ойын, 2 жеңіліс.

Матчті Qazsport телеарнасы тікелей эфирді көрсетеді.

Ал 19:00-де Уругвай - Оңтүстік Корея матчі басталады. Құрамалар әлем чемпионатында үшінші рет кездескелі отыр. Алғашқы екеуінде Уругвай 1:0 және 2:1 есебімен жеңіске жеткен.

Уругвай құрамасы - тұңғыш әлем чемпионы. 1930 жылы өткен ең алғашқы мундиальда топ жарған, кейін 1950 жылы сол жетістігін қайталай алды. Ал Оңтүстік Кореяның үздік нәтижесі - 2002 жылғы әлем чемпионатында 4-орын алуы.


Уругвай құрамасы. Фото: Reuters

Уругвайдың әлем чемпионатындағы құрамы 449,7 миллион еуроға бағаланған, ал корей футболшыларының құны - 165,03 миллион еуро.

Уругвай кейінгі 9 матчте 1 рет қана жеңілді - 7 рет жеңіп, 1 мәрте тең түскен. Оңтүстік Корея да кейінгі 9 матчтінің біреуінде жеңілді - 6 жеңіс, 2 тең ойын.

Ойынды тікелей эфирде Qazsport телеарнасынан көре аласыздар. 

22:00-де алаңға Криштиану Роналду бастаған Португалия шығады. Команда Гана құрамасымен кездеседі. Бұл ойында Португалия айқын фаворит саналады - қарсыласынан барлық көрсеткіш бойынша алда тұр.

Бұл екі құрама 2014 жылғы әлем чемпионатында жолыққан, сол кезде португалиялықтар 2:1 есебімен жеңген еді. ФИФА рейтингінде де бір-бірінен алшақ тұр, Португалия - 9, Гана - 61-орында.


Португалия құрамасы. Фото: Reuters

Құрамы бойынша да Португалия қарсыласынан бірнеше есе қымбат. Еуропалық ұжымның барлық футболшысы 937 миллион еуроға бағаланған, ал африкалық команданың құны - 216,9 миллион еуро. Португалиялық жұлдыз Криштиану Роналду бұл оның карьерасындағы соңғы мундиаль болатынын айтқан еді.

Португалия кейінгі 9 матчінде 6 рет жеңген - 1 тең ойын, 2 жеңіліс бар. Ал Гана кейінгі 10 матчтің алтауында жеңіп, төртеуінде жеңіліп қалған.

Кездесуді тікелей эфирде Qazaqstan мен Qazsport телеарналары көрсетеді.

Ойын күнін турнирдің басты фавориттерінің бірі Бразилия мен Сербия матчі аяқтайды. Бұл кездесу түнгі 01:00-де басталады. 

Кейінгі әлем чемпионатында да командалардың жолы топтық кезеңде түйіскен. Сол кезде Бразилия 2:0 есебімен жеңген еді.


Бразилия құрамасы. Фото: Reuters

Қазір Бразилия құрамасы ФИФА рейтингінде көш бастап тұр, ал сербиялықтар - 21-орында.

Бразилиялықтар барлық әлем чемпионатына қатысқан жалғыз құрама саналады. Мундиальда бес мәрте топ жарған. Ал сербтер 2006 жылы Черногориядан бөлініп, дербес мемлекет атанғаннан бері мундиальға екі рет қатысты. Екеуінде де топтық кезеңнен кері қайтты. 

Бразилия құрамасы қатарынан 7 матч бойы жеңіп келеді. Кейінгі рет былтыр шілдеде жеңілген - содан бері 15 матч жеңілмей келе жатыр. Ал Сербия 3 матч бойы жеңіп келеді - кейінгі 6 матчтің бесеуінде жеңіп, бір мәрте тең түскен.

Ойынды Qazaqstan мен Qazsport телеарналарынан көруге болады.

Айта кетейік, Massaget.kz порталы әлем чемпионатына байланысты болжам бәйге өткізіп жатыр. Бас жүлде - iXXi Extreme планшеті! Болжам бәйгенің ережесін толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш