Роналду 986-голын соқты, бірақ пенальтиден мүлт кетті

Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубында өнер көрсететін Криштиану Роналду ел чемпионатындағы кезекті матчте гол соқты. Алайда пенальтиден мүлт кетті. Соған қарамастан португалиялық футболшы мансабында 1000 гол соғу мақсатына бір табан жақындай түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сауд Арабиясы чемпионатының 9-турында "Әл-Наср" сырт алаңда "Әл-Ахли" командасымен кездесті. Матчтің 14-минутында Жоау Феликстің пасын ұтымды пайдаланған Роналду есеп ашты.

Араға төрт минут салып, португалиялық шабуылшы есепті еселеуге мүмкіндік алды. Алайда ол пенальтиден гол соға алмады. Роналдудың тепкен добы қақпа бағанасына тиді.

Екінші таймда "Әл-Ахли" ойын тізгінін өз қолына алып, кездесудің нәтижесін өзгертті. Ақырында алаң иелері 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Осы кездесуде соққан гол 41 жастағы Роналдудың кәсіби мансабындағы 986-голы болды. Бұл есепке оның клубтар мен Португалия құрамасы сапында ресми матчтерде соққан барлық голы кіреді.

Енді тарихи 1000 гол межесіне жету үшін футболшыға небәрі 14 гол соғу қалды.

Роналду клубтық деңгейде 840 гол соқса, Португалия құрамасының сапында қарсылас қақпасына 146 рет доп енгізген.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!