Қазақ спортшысы Бекзат Алмахан UFC-мен келісімшартқа қол қойып, әлемнің үздік ұйымы өткізетін жекпе-жек кештерінде бақ сынайтын болады, - деп хабарлайды "Спорт Шредингера" телеграм-арнасы.
Бекзат жеңілірек салмақта шайқасады. UFC-де бұл салмақтың (61 кило) чемпионы – Шон О'Мэлли. Бұған дейін Сергей Морозов та осы салмақта жекпе-жек өткізген.
26 жастағы отандасымыз осыған дейін 18 жекпе-жек өткізген. Біреуінде ғана қарсыласына жол берген. 13 жекпе-жегінде қарсыласын уақытынан бұрын ұтып шыққан. Кейінгі екі жылда OCTAGON ұйымдастыратын жекпе-жек кештерінде бақ сынап жүрді.
Бекзат – аралас жекпе-жек шебері, ерекше талант иесі. ММА-мен 17 жасынан бастап айналыса бастаған, негізгі спорты – карате. Оны қазақ ММА спортының аңызға айналған маманы Дәнеш Дүнгенбаев жаттықтырады. Бекзат Дәнештің UFC-ге шыққан екінші шәкірті. Бұған дейін Азат Мақсұм келісімшартқа қол қойып, бір жекпе-жек өткізген еді. 4 ақпанда бұл спортшы екінші шайқасына шығады.
Осылайша UFC-дегі қазақстандық спортшылар қатары тағы біреуге артты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!