Екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы мексикалық Сауль "Канело" Альварес (57-2-2, 39 КО) қыркүйекте қазақстандық Геннадий Головкинмен (42-1-1, 37 КО) үшінші жекпе-жегін өткізеді. Бұл туралы Vesti.kz хабарлады.
Трилогия 17 қыркүйекте өтеді. Боксшылар екінші орта салмақта кездеседі деп болжануда. Мексикалық үшін бұл абсолютті чемпион атағын бірінші рет қорғау болмақ.
"It’s official See you on September 17. Надеюсь, увидимся 17 сентября. Ресми. 17 қыркүйекте кездескенше", - деп жазды Головкин әлеуметтік парақшасына.
Олардың алдыңғы екі жекпе-жегі орта салмақ дәрежесінде өтті – біріншісі 2017 жылдың қыркүйегінде даулы есеппен тең аяқталса, бір жылдан кейінгі кездесу мексикалықтың пайдасына шешілді.
Еске салайық, осы жылдың мамыр айында "Канело" жартылай ауыр салмақта WBA чемпионы Дмитрий Биволдан (20-0, 11 КО) сенсациялық жеңіліске ұшыраған болатын.
Ал, Головкин сәуір айында Риота Муратаны (16-3, 13 КО) нокаутқа түсірді. Осылайша, GGG орта салмақтағы IBF және IBO титулдарын қорғап, олардың қатарына жапон боксшысына тиесілі WBA Super белбеуін қосты.