Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Сантк-Петербургте өткен халықаралық турнирде 7 медаль жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте үшінші орыннан көрінді.
Ел қоржынына алғашқы алтынды 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Асланбек Шымбергенов салды. Ол финалда ресейлік Андрей Замковты айқын басымдықпен ұтты. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Бекзат Нұрдәулетов жарыста қарсылас шақ келтірмеді. Ол финалда ресейлік Имам Хатаевты жеңіп, халықаралық турнирде топ жарды.
Ал 52 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Махмұд Сабырхан финалда өзбекстандық қарсыласына есе жіберді. Шохобиддин Зоировтан ұтылған ол жарыстың күміс жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ, финалист атанған Әбілхан Аманқұл денсаулық жағдайына байланысты шешуші жекпе-жекке қатыспады. Нәтижесінде 75 келіге дейінгі салмақта жеңіс автоматты түрде қарсыласына беріліп, ел қоржынына екінші күмісті салды.
Сонымен қатар қазақстандық боксшылар үш қола жүлдені жеңіп алды. Атап айтқанда, 49 келіде Даниял Сәбит, 60 келіде Бекнұр Ожанов және 91 келі салмақ дәрежесінде Айбек Оралбай қоланы қанағат тұтты. Осылайша бокстан Қазақстан ерлер құрама командасы Сантк-Петербургте "Губернатор кубогін" 2 алтын, 2 күміс және 3 қола жүлдемен аяқтады.
Жалпыкомандалық есепте 4 алтын 6 күміс 8 қола еншілеген Ресей құрамасы бірінші орын алса, өзбек боксшылары екінші орыннан көрінді. Олар 4 алтын 1 күміс 1 қола медаль еншілеп қайтты.