Расизм? Онда біз футбол ойнамаймыз!

Расизм? Онда біз футбол ойнамаймыз!

Голландияның екінші дивизионында нәсілдік кемсіту құрбаны болған "Эксельсиор" клубының қара нәсілді футболшысы Ахмад Морейраны барлық команда қолдап, жанкүйерлерге қарсы наразылық білдірді. 

22-24 қараша аралығында Жоғары лиганың 14-туры мен Бірінші лиганың 16-турында чемпионаттағы барлық матчта, ысқырықтан кейін ойыншылар бір минут бойы футбол ойнамай, қимылсыз қалды. Ал стадиондардағы таблода "Расизм? Онда біз футбол ойнамаймыз" деген жазу шықты.

Бұл – 17 қараша күні болған оқиғаға қарсы акция. Екінші лигадағы "Ден Босх" пен "Эксельсиор" арасындағы кездесуде "Ден Босх" жанкүйерлері қарсылас шабуылшысы Ахмад Морейраны арандатып, нәсілін кемсітетін сөздер айқайлаған.

Футболшы бұған шыдамай, алаңнан кетіп қалған. Артынша төреші ойынды тоқтатқан.

Кейін Морейра алаңға оралады да, гол соғып, "Ден Босх" трибунасының алдында тойлайды.

Бұл оқиғадан кейін "Эксельсиор" жанкүйерлері де белсене түсіп, ойынға "Расизмге қызыл қағаз көрсетейік" деген жазуы бар плакатпен келеді.

Нәсілдік кемсітуге қарсы акцияны Нидерланд құрамасы да қолдады. 20 қарашада Еуропа чемпионатына іріктеудің соңғы турында Нидерланд-Эстония кездесіп, алаң қожайындары 5 гол соғады. Матчтағы ең әдемі нәрсе таболдағы 5:0 емес еді.

Image result for Wijnaldum and frenkie de jong"

Кезекті голдан кейін құрама капитаны Джорджиньо Вейналдум мен жартылай қорғаушы Френки Де Йонг қолдарын көрсетіп, терінің түсі маңызды емес дегенді меңзейді.

"Бұл мені шынымен қапа қылды. Мұндай оқиға Голландия чемпионатында болады деп ойламаппын. Бұл – біздің қоғамның проблемасы.

Ата-бабамыз біз еркін, тату өмір сүрсін деп күресті. Сондықтан нәсілдік кемсітуге жол бермеу керек", - дейді Вейналдум.

Massaget.kz