Радмир Ахмадиев кәсіпқой бокстағы алтыншы кездесуін жеңіспен аяқтады

Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген қазақстандық боксшы Радмир Ахмадиев кезекті жеңісіне қол жеткізді. Отандасымыз Хьюстонда америкалық Антрон Пирсонды ұтты.

Радмир Ахмадиев Антрон Пирсонды екінші раундта-ақ техникалық нокаутпен жеңіп шықты. Қарсыласынан ширақ, әрі жылдам, жойқын соққыларымен ерекшеленген отандасымыз қарсыласының жұдырық сермеуіне мүмкіндік берген жоқ. Нәтижесінде 24 жастағы қазақстандық боксшы спорттық мансабындағы алтыншы жекпе-жегін де мезгілінен бұрын аяқтады.

Айта кетейік, Радмир Ахмадиев – Талдықорған өңірінің тумасы. Әуесқой бокста республикалық, халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанған. Орта салмақта бақ сынап жүрген Радмир кәсіпқой боксқа 2014 жылы ауысқан болатын.