Кеше ағылшындық "Арсенал" мен франциялық "Пари Сен-Жермен" 2025/2026 жылғы Чемпиондар лигасының жеңімпазын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шешуші ойында турнирдің қазіргі чемпионы ПСЖ мен бұған дейін Чемпиондар лигасының кубогын иеленбеген лондондық "Арсенал" кездесті.
ПСЖ – "Арсенал": бастапқы құрамдар
Финалға қос команда да негізгі ойыншыларын шығарды. Париждіктер сапында "Алтын доптың" қазіргі иегері Усман Дембеле алаңға шықса, "Арсеналды" капитан Мартин Эдегор бастап шықты.
ПСЖ: Сафонов, Мендеш, Пачо, Маркиньос, Хакими, Невеш, Витинья, Руис, Кварацхелия, Дембеле, Дуэ.
"Арсенал": Райя, Инкапье, Габриэл, Салиба, Москера, Льюис-Скелли, Райс, Эдегор, Троссар, Хаверц, Сака.
Матч қалай өтті?
Ойынның алтыншы минутында-ақ париждіктер алаң ортасында қателік жіберді. Доп бірнеше рет серпіліп барып Троссарға жетті. Ол Хаверцке пас шығарды. Неміс шабуылшысы қорғаушылардан сытылып өтіп, қақпашымен жеке-дара шықты да, допты бұрышқа дәл бағыттап, есеп ашты.
Ерте гол жібергеннен кейін ПСЖ допқа көбірек иелік ете бастады. Алайда алғашқы таймда париждіктер "Арсенал" қақпасы алдында аса қауіпті сәттер ұйымдастыра алмады. Бірінші тайм 1:0 есебімен лондондық клубтың пайдасына аяқталды.
Екінші таймда ПСЖ қысымды күшейтті. Соның нәтижесінде "Арсенал" қақпасына пенальти белгіленді. Москера өз айып алаңында Хвича Кварацхелияны құлатты. Нүктеге келген Усман Дембеле 11 метрлік айып добын сенімді орындап, есепті теңестірді.
Голдан кейін "Арсенал" бас бапкері Микель Артета ойынға өзгеріс енгізді. Москера мен Эдегордың орнына Тимбер мен Дьекереш шықты. Кейін Сака мен Троссарды Мадуэке мен Мартинелли алмастырды. Ал ПСЖ тарапынан Кварацхелияның орнына Барколя алаңға шықты.
89-минутта Витиньяның жеңіс голын соғатын тамаша мүмкіндігі болды. Бірақ оның соққысы қақпа маңдайшасынан сәл биік кетті.
Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталды.
Фото: flashscore.com
Қосымша уақытта екі команда да сақ ойнады. Қауіпті сәттер аз болды. Бір эпизодта "Арсенал" ойыншылары мен бапкерлері қарсылас қақпасына пенальти берілуі керек деп есептеді. Алайда төреші 11 метрлік айып добын белгілемей, керісінше Деклан Райс пен Микель Артетаға сары қағаз көрсетті.
Қосымша уақыт та голсыз аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды.
Пенальти сериясы
Алғашқы соққыларды қос команда да дәл орындады. Алайда екінші талпыныста "Арсенал" ойыншысы Эберечи Эзе қақпадан мүлт кетті.
Кейін ПСЖ ойыншысы Нуно Мендеш те мүмкіндігін пайдалана алмады. Оның соққысын Давид Райя қайтарды.
Райс, Хакими және Мартинелли өз соққыларын дәл орындап, есеп 3:3 болды. Бірақ шешуші сәтте Габриэль қақпаға дәл тигізе алмады.
Пенальти сериясында ПСЖ 4:3 есебімен жеңіске жетіп, Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды.
Айта кетейік, бұл – ПСЖ-ның Чемпиондар лигасындағы қатарынан екінші жеңісі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек