Футболдан Катардағы әлем чемпионатында Мексика мен Польша құрамалары тең тарқасты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дохадағы "974" стадионында С тобындағы Мексика мен Польша кездесті. Бұл ойын 0:0 есебімен аяқталды.
Кездесудегі ең шешуші сәт 58-минутта болды. Поляк футболшылары пенальти орындауға мүмкіндік алған, бірақ нүктеге келген Роберт Левандовски мексикалық қақпашы Гельермо Очоадан айласын асыра алмады. Осылайша, әлемдегі үздік сұрмергендердің бірі Левандовски әлем чемпионатында алғаш рет гол соғатын мүмкіндігін мүлт жіберді.
Осы ойыннан кейін бір ұпайдан алған Польша мен Мексика С тобында 2-3-орындарды бөліп тұр. Бүгін сенсация жасаған Сауд Арабиясы үш ұпаймен көш басында. Ал Аргентина құрамасы соңғы орында тұр.
Енді бұл топтың келесі ойындары 26 қарашада өтеді. Аргентина мен Мексика күш сынасса, Польша мен Сауд Арабиясы кездеседі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!