Париж Паралимпиадасында Қазақстан намысын кімдер қорғайды?

Қазақстанның пара спортшылары Паралимпиадаға сегізінші мәрте қатыспақшы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан Париж Паралимпиадасына 33 лицензия жеңіп алды. Спорттың тоғыз түрінен (пара жүзу, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара каноэ, пара таэквондо, волейболды отырып ойнау, пара нысана көздеу, пара үстел теннисі, пара дзюдо) 44 спортшы бақ сынайды.

10 пара дзюдошы Паралимпиада жүлдесі үшін татамиге шығады.

Туды Берік Ізмағанбетов (волейболды отырып ойнау) пен Севда Алиева (пара нысана көздеу) ұстап шығады. Париждегі додаға бұған дейінгі Паралимпиада бәсекелерінің қос чемпионы мен екі жүлдегері қатысады.

Олар:

  • Зүлфия Ғабидуллина – Рио Паралимпиадасының чемпионы;
  • ⁠Давид Дегтярев – Токио Паралимпиадасының чемпионы;
  • ⁠Нұрдәулет Жұмағали – Токио Паралимпиадасының қола жүлдегері;
  • ⁠Раушан Қойшыбаева – Рио Паралимпиадасының күміс жүлдегері.

Ең жас спортшы – Альфия Тілекқабыл (пара дзюдо, 18 жаста)

Ең егде спортшы – Зүлфия Ғабидуллина (пара жүзу, 59 жаста).

Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан ұлттық құрамасы әлемдік рейтингіде 75 елдің ішінде 6-орында тұр.

Қазақстан спортшылары биыл алғаш рет пара үстел теннисінен Паралимпиада жолдамасын жеңіп алды. Еліміздің намысын бұл сында Әли Мақұлбеков қорғайды.

Ең тәжірибелі спортшы – Зүлфия Ғабидуллина. Биыл ол төртінші Паралимпиадасында бақ сынайды.

Айта кетейік, 1996 жылдан бері жерлестеріміз жазғы Паралимпиадада 7 медаль (2 алтын, 4 күміс және 1 қола) жеңіп алған.