- Негізгі бет
- Спорт
- "Париж Олимпиадасы қарсаңында...
"Париж Олимпиадасы қарсаңында мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайды" – Президент
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарына қатысып, жүлделі орыннан көрінген спортшылармен кездесті. Арнайы құттықтап, еліміздегі спорттың даму жайына тоқталды. Сондай-ақ мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын федерацияларға ревизия жасауды тапсырды.
Президенттің айтуынша, ең алдымен, кәсіби спорт түрлеріне бөлінетін қаражаттың қайтарымын түбегейлі арттыруға көңіл бөлген жөн. Өңірлердің ерекшеліктеріне сәйкес нақты спорт түрлеріне баса назар аударып, қаржыны негізсіз жұмсау тәжірибесін тоқтату қажет. Сонымен қатар бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамытуға көңіл бөле отырып, аталған саланы қаржыландыру моделін қайта қараған дұрыс.
Президент спорт саласын басқару сапасын жақсартуды келесі басымдық ретінде атап өтті.
– Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық олимпиада комитеті (ҰОК) және федерациялар арасында үйлесім жоқ. Спортты басқару институттарының қызметі мен өзара ықпалдастығына қатысты бүкіл жүйені қысқа мерзімде қайта қарау қажет. ҰОК-нің қызметін жетілдіру ісіне де назар аудару керек. Туризм және спорт министрлігі, ҰОК және федерациялардың жұмысын үйлестіруді түбегейлі жолға қою керек. Тиімді байланыстың, ықпалдастықтың және өзара жәрдемдесудің болмауы жақсы нәтижеге жеткізбейді, яғни, жеңіліске әкеп соқтырады. Париж Олимпиадасы қарсаңында мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайды. Мемлекеттің бюджетінен қаржыландырылатын спорт федерацияларының қызметіне ревизия жасау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
О. Сансызбай