Миланда өткен қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов Еркебұлан Тоқтарға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстандық параспортшы Tengri Sport басылымына берген сұхбатында "Қазір Қазақстанда Еркебұлан Тоқтарды жекпе-жекке шақыру сәнге айналды. Сізде мүмкіндік болса, медиа саласындағы танымал тұлғалардың қайсын грэпплингтен күресуге шақырар едіңіз?" деген сұраққа жауап берді.
"Жоқ, ол туралы ойламаппын. Біреу күрескісі келсе, мені шақырсын, ал өзім біреуді шақырмаймын. Еркебұлан Тоқтарға келетін болсақ, ол мықты, жарайсың дегім келеді. Оны ТМД бойынша көп адам таниды. Бәріне өз еңбегімен жетіп, жас ұрпаққа үлгі көрсетіп жүр", - деп жауап берді Ербол Хамитов.
Айта кетейік, Ербол Хамитов Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген, 19 жасында аяғынан айырылған. Жарақат алғанға дейін ол жекпе-жекпен кәсіби түрде айналысқан және протезбен де грэпплинг жарыстарында бақ сынауын жалғастырған.
Кейінірек Ербол Хамитов кәсіби параспортшы атанып, парабиатлон мен шаңғы жарысынан әлем чемпионатында жеңіске жетті.
Жуырда Италияның Милан-Кортина қалаларында өткен XIV қысқы Паралимпиадада Ербол Хамитов ел қоржынына пара биатлоннан алтын, пара шаңғы жарысынан қола медаль салды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!