- Негізгі бет
- Спорт
- Өзбекстандық қарсыласын жеңген...
Өзбекстандық қарсыласын жеңген қазақ дзюдошылары екі қола медаль еншіледі
Ханчжоудағы Азия ойындарының екінші күні татамиге шыққан қазақ дзюдошылары екі қола медаль еншіледі. Үшінші орын үшін өткен белдесулерде қазақ спортшылары өзбекстандық қарсыластарынан басым түсті.
Әйелдер арасында 63 килоға дейінгі салмақта Эсмигуль Куюлова қола жүлдегер атанды. Ол шешуші белдесуде өзбек қызы Севинч Исоковадан голден скорде айласын асырды. Бұл оның мансабындағы жоғары жетістіктердің бірі.
Ерлер арасында 81 килоға дейінгі салмақта Абылайхан Жұбаназар жүлделі орынға ілікті. Ол да өзбек дзюдошысынан басым болды. Golden score (иппон) арқасында Муса Сабировты жеңіп, қоржынымызға қола медальді салды.
Қола медаль үшін белдескен тағы бір спортшымыз Данияр Шамшаев (73 кило) моңғол дзюдошысына жол беріп алды.
Айта кетейік, бұған дейін дзюдодан Әбиба Әбужақынова күміс, Мағжан Шамшадин қола жүлдегер атанған болатын. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы қоржынына 5 медаль (1 күміс, 4 қола) бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай