Бокстан Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан U19 және U23 жас санатындағы Азия чемпионатында финалдағы жекпе-жектер басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.
Күндізгі сессияда U19 санатында әйелдер арасындағы ақтық бәсекелер өтті. Нәтижесінде үш отандасымыз алтын медаль жеңіп алды:
- Камила Оспанова 70 келіге дейінгі салмақта ақтық сында Мафтуна Янгиеваны (Өзбекстан) жеңді.
- Айдана Убайдуллақызы 80 келіге дейінгі салмақта финалда үндістандық Мегха Шеокандты тізе бүктірді.
- Зарина Толыбай 80 келіден жоғары салмақта Үндістан өкілі Прачи Токастан басым түсті.
Осылайша, U19 жас санатында Қазақстан құрамасы қоржынында үш алтын, бес қола медаль бар. Бұған дейін Мадира Жұмақан (48 келіге дейін), Едіге Нұрғожа (55 келіге дейін), Ақнұр Тұрсынғали (57 келіге дейін), Айсұлу Мұхит (65 келіге дейін), Жалғас Өтебеков (90 келіге дейін) жарысты қола медальмен аяқтаған еді.
Айта кетейік, кешкі сессияда U23 жас санатында әйелдер арасында ақтық жекпе-жектер өтеді. Ал 16 шілдеде ерлер арасындағы финал ұйымдастырылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова