Өзбек төрешісі қазақ футболшыларына үлкен сенім білдірді

Халықаралық аренада беделі жоғары төрешілердің бірі Рафшан Ирматов Қазақстан мен Түркия кездесуіне өз пікірін білдірді. Өзбекстандық төреші қазақ футболшыларының қарымы түріктердің тегеурініне төтеп бере алатынын да жасырмады.

- Мен алты ай бұрын Түркия мен Бразилия арасында өткен жолдастық кездесуде төрелік еттім, ол Стамбұлда болған еді. Сол ойында бразилиялықтар 4:0 есебімен жеңіске жетті. Жақында Қазақстан - Буркина-Фасо кездесуінде бас қазы болдым. Сөйтіп, екі команданың да ойынын көрдім. Мен Қазақстанның Түркиямен күресуге, тіпті жеңуіне әлі жетеді дер едім, - деді Равшан Ирматов.

Төрешінің айтуынша, қазақстандықтардың өз жерінде ойнауы, жанкүйерлерімен бірге болуы да ойынның нәтижесіне оң әсер етеді. Өзбек төрешісі қазақ футболшыларына сәттілік те тіледі.

- Түркия қиын кезеңді басынан кешіріп жатыр, сондықтан Қазақстан құрамасының бұл ойында жеңіске жетуіне мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Көршілерімізге сәттілік тілеймін,- деді ол.

2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінің "А" тобында бақ сынап жатқан отандастарымыз топта 1 ұпаймен соңғы орында келеді. Фатих Терим жаттықтыратын Түркия құрамасы 5 ұпаймен төртінші орында тұр. Сондай-ақ бүгін бұл топта Исландия мен Чехия, Латвия мен Нидерланды 3 ұпайды өзара сарапқа салатын болады. 

"А" тобы. Турнир кестесі

Орын  Ұлттық құрама Ойын Жеңіс Тең нәтиже Жеңіліс Доптар Ұпайлар 1  Чехия 5 4 1 0 11-6 13 2  Исландия 5 4 0 1 12-2 12 3  Нидерланды 5 2 1 2 11-6 7 4  Түркия 5 1 2 2 6-8 5 5  Латвия 5 0 3 2 2-11 3 6  Қазақстан 5 0 1 4 4-13 1

Айта кетейік, Қазақстан мен Түркия арасындағы кездесу 12 маусым күні Алматының орталық стадионында өтеді. Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де басталады. Қазіргі таңда 17 000-нан астам билет сатылған.

Отандастарымызға жеңіс тілейміз!