Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллсте өтетін 2026 жылғы WTA қорытынды турниріне қатыспайтынын айтты. Қазақстандық теннисші қарқынды өткен маусымнан кейін денсаулығы жарысты жалғастыруға мүмкіндік бермей тұрғанын мәлімдеді. Енді спортшы күш жинап, келесі маусымға дайындалуға көңіл бөлмек, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Рыбакина бұған дейін Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турнирінде жеңіп алған чемпиондық атағын қорғауы керек еді. Алайда физикалық дайындығының жеткіліксіз болуына байланысты қазақстандық теннисші маусымды мерзімінен бұрын аяқтап, жылдың соңғы жарысына қатысудан бас тартты.
"Жанкүйерлеріме және мені қолдап жүрген барша жанға биылғы WTA қорытынды турниріне қатыса алмайтынымды хабарлау өте ауыр. Өкінішке қарай, осындай шешім қабылдауға мәжбүрмін. Биыл мен үшін керемет маусым болды. Алайда қазір ағзам жарысқа физикалық тұрғыдан дайын емес. Біраз уақыт үйде болып, тынығып, күш жинап, 2027 жылғы маусымға дайындаламын. WTA қорытынды турнирінің мен үшін орны ерекше. Осы аптада жарысқа қатысатын барлық спортшыға сәттілік тілеймін. Наурызда Индиан-Уэллске қайта оралатын күнді асыға күтемін!" – деді Рыбакина.
Қорытынды турнирден бас тартқанына қарамастан, қазақстандық теннисші 2026 жылғы маусымды жоғары нәтижемен аяқтады. Ол бір жыл ішінде 54 кездесуде жеңіске жетіп, 14 рет жеңіліс тапты. Сондай-ақ, төрт турнирде чемпион атанды.
Оның екеуі "Үлкен дулыға" санатындағы Australian Open және US Open жарыстары болса, қалған екі жүлдені Штутгарт пен Нинбода өткен WTA турнирлерінде жеңіп алды.
Маусымдағы табысты өнерінің арқасында Рыбакина WTA әлемдік рейтингінде жыл қорытындысы бойынша бірінші орынды мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Сондықтан соңғы турнирге қатыспауы оның 2026 жылғы қорытынды рейтингтегі орнына әсер етпейді.
Рыбакинаның орнына негізгі жарысқа қосалқы ойыншылар тізімінде тұрған украиналық теннисші Марта Костюк қатысатын болды. Осылайша ол Элина Свитолинамен бірге WTA қорытынды турнирінің жекелей сынында Украина намысын қорғайды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz