“Өте ауыр болды“. Зарина Дияс мансабын неге аяқтағанын ашық айтты

Қазақстандық теннисші Зарина Дияс мансабын аяқтау себептерін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астанада Билли Джин Кинг кубогі аясындағы Қазақстан мен Канада құрамалары арасындағы матчтер алдында Зарина Диястың спорт мансабын аяқтауына арналған салтанатты рәсім өтті.

Экраннан көрермендерге оның мансабындағы үздік сәттер көрсетілді, теннис турындағы құрбылары оған жылы лебізін білдірді.

Зарина көрермендерінің алдында сөз сөйлеп, алғыс айтып естелік мүсіншеге ие болды.

Фото © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова

Мансабын аяқтауы туралы

Рәсімнен кейін Зарина журналистердің сұрақтарына жауап беріп, мансабын дәл қазір аяқтау туралы шешімді неге қабылдағанын түсіндірді.

"Білесіздер ғой, теннис те, жалпы кәсіби спорттың бәрін де үнемі жарақат аласыз. Жарақатпен күресу күн өткен сайын қиындай берді.

Әрине, бір жерің үнемі ауырып, қайта-қайта жарақат ала берген соң, оның психологияға да салмағы түседі. Мұның бәрін қабылдап, өзіңе "болды, енді тоқтау керек" деу оңай болған жоқ. Бірақ ақыры ағзам "жетеді" деді", – деді теннисші.

Сондай-ақ, ол: "Яғни бұған бір ғана нәрсе түрткі болған жоқ қой, бәрі жиналып қалған ба?" деген сұраққа жауап берді.

"Иә, бұл лезде қабылданған шешім емес, бәрі жинала-жинала келді. Себебі мен мансабымда барымды салып ойнадым. Өздеріңіз білесіздер, жаттығу өте ауыр, ұдайы ұшып-қонуың керек. Оның үстіне, теннисте жарыс апта сайын өтеді. Күйзеліс, қысым... Әрине, мұның бәрі жұмыстың бір бөлігі. Бірақ физикалық тұрғыдан өте ауыр бола бастады", – деді Зарина Tengri Sport тілшісінің сауалына жауап беріп.

Еске салайық, Зарина мансабын аяқтайтынын бір күн бұрын әлеуметтік желіде жариялаған еді.

Оның кәсіби мансабындағы соңғы ойыны биылғы қаңтарда өткен Australian Open 2026 турнирінің алғашқы айналымындағы Испания өкілі Паула Бадосаға қарсы матч болды. Заринаның айтуынша, дәл сол кезде ол мансабын аяқтау туралы түпкілікті шешім қабылдаған.

Диястың мансабындағы ең табысты маусымдар 2014–2015 жылдар болды — сол кезде ол Уимблдонның 1/8 финалына дейін жетіп, әлемдік рейтингтегі ең жоғары сатысы — 31-орынға көтерілді.

2022 жылы ол жарақат алып, соның салдарынан екі жылға жуық уақыт бойы кортқа шықпаған болатын.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!