“Ордабасы“ мен “Ақтөбе“ арасындағы жолдастық кездесу төбелеспен аяқталды

"Ордабасы" мен "Ақтөбе" жастар командалары арасындағы жолдастық кездесу жаппай төбелеске ұласты. Оқиға қатысқандардың бірі ауруханаға түсті, ал екіншісі қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл оқиғаға Шымкент Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі пікір білдірді.

"Жолдастық футбол матчі кезінде екі команданың қатысушылары арасында жанжал туындап, төбелеске ұласқан. Оқиға салдарынан қатысушылардың бірі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Бұзақылық дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық қатысушысы полиция бөліміне жеткізілді. Тексеріс барысында жанжал басталуына "Ордабасы" командасының капитаны себепкер болғаны анықталып, қамауға алынды", - деп жазылған хабарламада.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық анықтауға бағытталған кешенді тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша қатысушылардың әрекетіне заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілмек.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз