"Ордабасы" футбол клубы Шымкентте өткен "Ордабасы" және "Ақтөбе" клубтарының жасөспірімдер командалары арасындағы жолдастық матч кезінде болған жағдайға пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Клуб мұндай жағдай қайталанбауы үшін ойыншылармен және жаттықтырушылар құрамымен тиісті жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.
"Кездесу барысында ойыншылар арасында жанжал туындап, ол жаппай төбелеске ұласты. Мұндай жағдайларға жол беруге болмайды және ол футболдың негізгі құндылықтарына қайшы. "Ордабасы" ФК футбол алаңындағы кез келген агрессия мен зорлық-зомбылыққа қарсы. Оқиға барысында ойыншылар арасында жанжал туындап, жағдай ушығып кетті. Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан өзара арандату болғаны байқалды. "Ордабасы" ФК құқық қорғау органдары бұл жағдайға байланысты жан-жақты әрі әділ тексеріс жүргізіп, қорытындысы бойынша оқиғаға қатысқан барлық тарапқа тиісті тәртіптік баға береді деп сенеді", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін "Ордабасы" мен "Ақтөбе" жастар командалары арасындағы жолдастық кездесу жаппай төбелеске ұласқаны, оқиға қатысқандардың бірі ауруханаға түсіп, ал екіншісі қамауға алынғаны хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!