2026 жылдың алғашқы күнінде әлем футболы аса көрнекті тұлғаларының бірінен айырылды. Кеңес одағы мен Тәжікстан футболының белгілі өкілі, кейін білікті бапкер ретінде танылған Мұхсин Мұхаммадиев 60 жасқа қараған шағында дүниеден озды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Қайғылы хабарды Тәжікстан футбол федерациясы таратып, марқұмның ұзаққа созылған ауыр дерттен көз жұмғанын мәлімдеді.
"Мұхсин Мұхаммадиев тәжік футболының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол жанкүйерлердің, әріптестерінің және шәкірттерінің жадында мәңгі сақталады", - деп атап өтілді.
Мұхсин Мұхаммадиев футболшы ретінде Душанбе қаласының "Памир" клубында жарқырай танылды. Шабуыл шебіндегі шеберлігі мен батыл ойыны оның есімін кеңінен әйгілеп, Мәскеу клубтарының назарын аударды.
Кейін ол "Спартак" және "Локомотив" сапында өнер көрсетіп, жанкүйерлердің құрметіне бөленді. Әсіресе, оның техникалық сауаттылығы, күтпеген шешім қабылдай білуі мен жоқ жерден гол салатын қабілеті футбол сүйер қауымның есінде қалды.
Ойыншы ретінде мансабын аяқтаған соң Мұхаммадиев бапкерлікке бет бұрды. Ол Тәжікстан ұлттық құрамасын жаттықтырып, жас футболшылардың қалыптасуына және елде футболдың дамуына зор еңбек сіңірді.
Сонымен қатар, шетелде де тәжірибе жинақтады. 2015-2016 жылдары ол Шымкенттің "Ордабасы" клубының бас бапкері болып, Премьер-лигада команданың тұрақты нәтижелер көрсетуіне ықпал етті.
Мұхсин Мұхаммадиев тек дарынды футболшы және тәжірибелі бапкер ғана емес, тұтас бір буынды тәрбиелеген ұлағатты ұстаз ретінде тарихта қалды. Оның тәжік футболына қосқан үлесі баға жетпес.
Айта кетейік, 2025 жылғы қарашада Мұхаммадиев ауыр хәлде жансақтау бөліміне түскені хабарланған еді.
Марқұм әр жылдары "Памир", "Анкарагюджю", "Аустрия", "Торпедо", "Бухара", "Самарканд", "Шинник", "Арсенал", "Витязь" сынды клубтарда ойнап, кейін Тәжікстан құрамасы, "Истиклол", "Бухара" командаларын жаттықтырды. Сондай-ақ Қазанның "Рубин" клубында спорт директоры қызметін атқарып, командамен бірге Ресей чемпионы атанды.
Футбол қауымдастығы Мұхсин Мұхаммадиевті жарқын тұлға, өз ісіне адал маман ретінде әрдайым құрметпен еске алады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!