UFC-дің жартылай орта салмақтағы қазақстандық өкілі Шавкат Рахмонов жарақатына байланысты жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісті.
"Жауынгердің жолы ешқашан жеңіл болмайды. Өмір бізге еңсере алмайтын сынақ бермейді. Әр арманның өз бағасы бар, кейде оның құны денсаулық та болуы мүмкін.
Шындықты жасырмай айтайын: жарақатыма байланысты тағы бір операция жасатуға тура келді. Енді толық қалпыма келу үшін уақыт қажет. Тиісінше октагонға оралуым тағы да кейінге шегерілді.
Әрине, мұны қабылдаудың өзі қиын. Алайда әрбір сәтсіздік үлкен жолдың бір бөлігі екеніне сенемін. Бұрынғыдан да мықты, ақылды болып ораламын, жеңіске деген аштығым да арта түседі.
Мақсатым өзгерген жоқ. UFC белдігі әлі де Қазақстанға келуге тиіс. Қандай жағдай болса да жанымнан табылып жүрген баршаңызға рақмет. Бұл жолдың соңы емес, тек маңызды бір кезеңі ғана", - деп жазды Рахмонов.
Айта кетейік, бұған дейін танымал журналист Ариэль Хельвани Шавкаттың менеджері Дэнни Рубинштейнмен тілдескенін, қазақстандық файтердің тағы да жарақат алып, шамамен 9-10 айға октагоннан тыс қалатынын хабарлаған болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz