2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай төрт жылдағы біріншіліктің төрешілері жайлы пікір білдірді, – олимпиадада деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі. Бұл туралы ол "Қызық Times" бағдарламасында берген сұхбатында айтты.
Назым Қызайбай Олимпиада ойындарындағы бокс төрешілерінің шешімі жайлы ойын айтты.
"Теңдей өткен жекпе-жектерде лас ойын көрсеткен боксшылар жеңіп отырды. Қатты ұтқысы келетінін және қарқынын көрсетіп қана төрешілерді өзіне қаратып отырды. Қазақ боксшылары көбіне 3:2 жеңіліп отырды ғой. Біздің боксшылар техникалық тұрғыдан әдемі бокс көрсетсе, қарсыластар жеңіске деген қатты ұмтылысын көрсетіп, лас бокстасса да жеңіп кетіп отырды", – деді ол.
Сондай-ақ боксшы ару Олимпиада ойындарында Сәкен Бибосыновтың өнерін жоғары бағалағанын атап өтті:
"Маған Сәкен Бибосыновтың бокстасқаны ұнады. Меніңше, Сәкен ұтқандай көрінді. Бірақ судьялардың шешімі басқа болды. Бірақ Хасанбай да осал спортшы емес, әрине", – деп қосты ол.
Еске сала кетейік, Париж-2024 Олимпиадасында 50 келі салмақта сынға түскен Назым Қызайбай жартылай финалда бокстан әлем және Азия ойындарының чемпионы, қытайлық Ву Юге есе жіберіп, қола медаль еншілеген еді.