Олимпиадаға іріктеу: дзюдодан Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы алдағы жоспарды бөлісті

Олимпиадаға іріктеу: дзюдодан Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы алдағы жоспарды бөлісті
Фото: ҰОК

Дзюдодан 2028 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі басталды. Сонымен қатар, ұлттық құрама алдағы Азия ойындарына да дайындықты жалғастырып жатыр. Қазақстан құрамасының жаттықтырушы-кеңесшісі Роберт Мшвидобадзе Olympic.kz сайтына берген сұхбатында Олимпиадаға іріктеу барысы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, басты мақсат - бәсекеге қабілетті құрам жасақтау.

"Халықаралық деңгейдегі жарыстарда құраманың көшбасшыларымен қатар, болашағынан үміт күттіретін жас спортшыларды да сынақтан өткіземіз. Сонымен қатар, Олимпиада жолдамасына іріктеудің алғашқы 12 айлық кезеңінде барынша көп ұпай жинауға ерекше мән береміз. Себебі осы кезеңде жиналған ұпайлар толық көлемде есептеледі. Бұл спортшылардың әлемдік рейтингтегі орнын жақсартып, кейінгі жарыстарды тиімді орыннан бастауына мүмкіндік береді", - деді ол.

Ол ұпай жинауда негізгі басымдық қай жарыстарға берілетінін де айтты.

"Masters турнирлері мен әлем чемпионаты ең жоғары рейтинг ұпайын беретін негізгі жарыстар болғандықтан, оларға құраманың көшбасшы спортшыларын қатыстырамыз. Ал Grand Slam сериясы - рейтинг ұпайын жинаудың негізгі бөлігі. Әсіресе, Баку, Токио, Париж қалаларындағы кезеңдерге, сондай-ақ, жол қатынасы мен жергілікті уақытқа бейімделу тұрғысынан тиімді Азия ойындарына және өз елімізде өтетін жарыстарға басымдық береміз. Grand Prix пен Continental Open турнирлерін екінші құрамдағы спортшылар тәжірибе жинауына, жарақаттан кейін қалпына келген балуандар бабын сынауға және іріктеу нормативін орындауға пайдаланамыз", - деді Роберт Мшвидобадзе.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget