Балуан Қазыбек Қалмағамбетов жақында грек-рим күресінен U20 жас санаты арасында әлем чемпионы атанды. Спортшы olympic.kz сайтына берген сұхбатында әлемдік додадағы жеңісінен кейінгі әсерін бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол чемпионаттағы ең қиын қарсыласын атады.
"Ең қиын қарсыластарымның бірі мысырлық балуан болды. Ол 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионы атанған. Одан кейін венгриялық балуанмен кездестім, бірақ ол айтарлықтай қиындық тудырмады. Ал ең тартысты белдесу финалда Беларусь балуанымен өтті. Жаттықтырушыларым қарсыласымның күресу мәнерін алдын ала зерттеп, маған нақты тапсырмалар берді. Ол ортада да, шабуылда да өте ыңғайсыз қарсылас болды", - деді балуан.
Қазыбек Қалмағамбетов болашақ жоспарын да бөлісті.
"Кез келген спортшының ең үлкен арманы - Олимпиада чемпионы атану. Олимпиада - спорттағы ең биік белес, одан асқан ірі жарыс жоқ. Әлем чемпионатында он рет топ жарсаң да, Олимпиада жүлдесінің орны бөлек. 2028 жылы 21 жаста боламын. Сол Олимпиадаға тыңғылықты дайындалып, жолдама алуды мақсат етіп отырмын. Ол болмаса, 2032 жылғы Олимпиадада 25 жаста боламын. Осы екі Олимпиаданың біріне қатысып, елге алтын медальмен немесе кем дегенде күміс, қола жүлдемен оралу - басты арманым", - деді жас спортшы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова