Олимпиада жүлдегері министрлікпен соттасып, жеңіп шықты

Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарында дзюдодан Еркебұлан Қанафин Қазақстан құрамасына алтын медаль әкелді. Алайда Қазақстанның Спорт және дене шынықтыру істері комитеті спортшының есту қабілетінде кемістік жоқ екенін хабарлады.

30 қарашада Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Мәдениет және спорт министрлігі мен спортшы Еркебұлан Қанафиннің арасындағы іс бойынша үкім шығарды.

Сот Қанафинге өткен ойындардың алтын медалі үшін ақшалай сыйақы төлеуден бас тарту шешімін заңсыз деп таныды.

"Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі" мемлекеттік мекемесінің Қанафин Еркебұлан Қайратұлына ақшалай ынталандыру төлеуден бас тарту жөніндегі әрекеті заңсыз деп танылсын. Еркебұлан Қанафинге Қазақстан Үкіметінің 2020 жылғы 27 наурыздағы қаулысымен белгіленген мөлшерде ақшалай ынталандыру төленуі "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне" міндеттелсін", - делінген қаулыда.

Еске салайық, 4 мамырда Еркебұлан Қанафин дзюдодан 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен жарыста жеңіске жеткен болатын. Ұлттық құрамаға алғашқы алтынды әкелді.

Министрлік "Еркебұлан Қанафин есту қабілеті нашар спортшылар арасындағы ресми жарыстарға қатыспайды, ұлттық құраманың мүшесі, нашар еститін адам және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт ұйымдарына тіркелмегенін" атап өтті.

Артынша, МСМ өкілдері Еркебұлан Қанафин медалін мойындамайтындарын ресми түрде мәлімдеді.