Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жаттықтырушысымен қош айтысты

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жаттықтырушысымен қош айтысты
Фото: ХОК/ Сали Сабиров

Мәнерлеп сырғанаудан қазақстандық Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров бапкері Алексей Урмановпен бірлескен жұмысы аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Massaget.kz спортшының әлеуметтік желідегі жазбасына сілтеме жасап хабарлады.

22 жастағы мәнерлеп сырғанаушы бапкерімен бірге жүріп өткен жолын еске алып, оған алғыс білдірді.

«Алексей Евгеньевичпен ынтымақтастығымыздың аяқталғанын айтқым келеді. Кезінде 12 жасар бала болып, үлкен арманымды арқалап, өз күшіме сеніп, жетістікке жетсем деген ниетпен оның оқу-жаттығу жиынына келген едім. Осылайша бір кездері аз адам сенген жетістіктерге қол жеткізген командаға айналдық. Осы жылдар ішінде от пен судан өттік, адам сенгісіз қиындықтарды еңсердік, жарақат алып, құлаған кездеріміз де болды. Жеңістің қуанышын да, қиындықты жеңген сәттерді де бірге бөлістік. Бірақ ең бастысы – осы жолдың өн бойында бапкерімнің өз спортшысына деген сенімін сезіндім», – деп жазды Шайдоров.

Спортшы алда өзін жаңа кезең күтіп тұрғанын айтты.

«Өмір жолымда ең жоғары нәтижелерге жетуіме көмектескен осындай жанды – тамаша бапкерді, тәлімгерді әрі шабыт беруші адамды кездестіргеніме шексіз ризамын. Алексей Евгеньевичке бірге жүріп өткен жолымыз, еңбегі, қолдауы және маған сенгені үшін алғыс айтамын. Бүгін біз бұл кезеңді бір кездері армандауға да батылым жетпеген жетістіктермен аяқтап отырмыз. Алға жылжитын уақыт келді. Алда жаңа кезең күтіп тұр. Бәлкім, ол оңай болмас, кейде қорқынышты да болуы мүмкін. Бірақ міндетті түрде жаңа мақсаттар мен сын-қатерлер болады. Елімнің намысын ең жоғары деңгейде лайықты қорғау үшін бұрынғыдай бар күшімді салып еңбектене беремін», – деді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от MIKHAIL SHAIDOROV (@mikhail_shaidorov)

Бұған дейін Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алексей Урмановпен келісімшарттың бұзылғанын хабарлаған еді. Министр Шайдоровтың тарихи алтын жүлдесіне үлес қосқан маманға алғыс білдірді.

«Алексей Урмановпен келісімшарт бұзылды. Біз өз тарапымыздан Олимпиада алтынын өзі де жеңіп алған әрі Олимпиада чемпионын дайындауға көмектескен Алексей Урмановқа зор алғыс айтқымыз келеді. Осы үш жылда Михаилдың командасымен үлкен жұмыс атқарылды. Біз Алексей Урманов жас буын спортшыларымызбен де жұмыс істейді деп үміттенеміз. Олимпиада ойындарынан кейін де онымен тығыз байланыстамыз. Федерация тарапынан оған Алматы қаласында пәтер сыйға берілді», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Сондай-ақ Мырзабосынов Шайдоровтың қай командамен жұмысын жалғастыратынын өзі шешуге құқылы екенін атап өтті.

«Олимпиада чемпионымыз Михаил Шайдоровқа келсек, ол жаңа циклді бастады. Жыл басынан бері 13 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, төрт-бес жарысқа қатысты. Бұл – жаңа кезең, біз Михаилды әрдайым қолдаймыз. Қазір ол Олимпиада чемпионы ретінде жаңа команда таңдап, солармен жұмыс істеуге құқылы», – деді министр.

Олимпиададан кейін Шайдоровтың нәтижелері төмендеді

Михаил Шайдоров Олимпиада ойындарында тарихи алтын жүлде алғаннан кейін әлем чемпионатына қатыспай, жарыстарға тек 2026 жылдың жазында оралды.

Жаңа маусымға дайындалу үшін спортшы АҚШ-қа барып, танымал бапкер Рафаэль Арутюнянмен жұмыс істегені белгілі. Алайда Арутюнянның Шайдоровтың жаңа жеке бапкері болатыны әзірге ресми жарияланған жоқ.

Күзден бері қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы бірде-бір турнирде жеңіске жете алмады. Ол Братиславадағы Ондрей Непела мемориалында үшінші, Қытайдағы әлемдік Гран-при кезеңінде бесінші, ал Франциядағы кезеңде оныншы орын алды.

Осы жарыстарда оның жалпы ұпайы бірде-бір рет 275-ке жеткен жоқ. Ал Олимпиадада Шайдоров 292-ге жуық ұпай жинаған еді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Kazakhstan Olympic Team (@olympickz)

О. Сансызбай
Logotype Massaget