Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жас боксшыларға баға берді

Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы, бокстан Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Olympic.kz сайтына берген сұхбатында жас боксшылардың өнеріне баға берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан жастар құрамасы бокстан Futures Cup турнирін сәтті аяқтады. Жас боксшылар халықаралық жарыста төрт алтын, төрт күміс және үш қола медаль жеңіп алды.

"Жастар өсіп келе жатқаны - қуантарлық жағдай. Болашақта Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын буын қалыптасып келе жатыр. Әсіресе, кейінгі уақытта ұлттық құрамада ауыр салмақта мықты жігіттер көріне бастады. Жасөспірімдер қатарынан қосылған бұл спортшылар қазірдің өзінде лайықты нәтиже көрсетіп жүр. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда мықты резерв бар. Бұған дейін 80, 85, 90 және 90+ келі салмақ дәрежелерінде белгілі бір қиындықтар бар еді. Соған қарамастан Нұрсұлтан Қыстаубай, Жалғас Өтебеков және Владислав Саможонов өз әлеуеті жоғары екенін дәлелдеді. Тек сәттілік жетіспеді. Кішігірім техникалық қателер болғанымен, бұл жігіттер болашағынан үлкен үміт күттіреді. Олар бірінші рет халықаралық жарысқа қатысып отыр. Әзірге тәжірибелері аз", - деді аға жаттықтырушы.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!