“Ол – еркек“: боксшы атышулы Олимпиада чемпионымен жұдырықтасудан бас тартты

Нидерландтық боксшы Кларида Сарабия Париж Олимпиадасының чемпионы, алжирлік Иман Хелифпен жұдырықтасудан бас тартты. БАҚ жекпе-жектің өтпей қалуын Хелифтің медициналық тексеруден бас тартуымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Massaget.kz Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

Хелиф пен Сарабия 15 желтоқсанда Париждегі бокс кешінде кәсіпқой жекпе-жек өткізуге тиіс еді. Бұл Хелифтің Олимпиададағы жеңісінен кейінгі алғашқы кездесуі болар еді.

Алайда жекпе-жекке үш апта қалғанда Сарабияның промоутерлері кездесудің өтпейтінін хабарлады. Олар шешімнің себебін қысқаша түсіндірген:

«Боксшыларымыздың амандығы біз үшін әрдайым бірінші орында».

Кейін Сарабияның менеджері Хелифтің медициналық құжаттарын сұратқанын, бірақ алжирлік спортшының командасы оларды ұсынудан бас тартқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Хелифтің медициналық мәліметтеріне қатысты қойған сұрақтары да теріс қабылданған.

«Ал менің міндетім – боксшымның қауіпсіздігі мен мүддесін қорғау. Осының бәрін ескере отырып, жекпе-жекті тоқтату туралы шешім қабылдадым», – деді ол ad.nl басылымына берген сұхбатында.

Иман Хелифке қатысты дау

2024 жылғы Париж Олимпиадасы кезінде Иман Хелифтің айналасында дау туындаған еді. Әйелдер арасындағы бокс жарысының 1/8 финалында италиялық Анджела Карини алжирлік спортшының «ерекше күшіне» сілтеме жасап, онымен жекпе-жекті жалғастырудан бас тартқан.

Осыдан кейін әлеуметтік желілерде Хелиф спорттық нәтижесін жақсарту үшін жынысын ауыстырды деген айыптаулар тарады. Дональд Трамп, Джоан Роулинг және Илон Маск секілді танымал тұлғалар «ол – ер адам» деген мәлімдемелер жасап, боксшыны жарыстан шеттетуді қолдаған.

Олимпиадада жеңіске жеткеннен кейін Хелиф өзін жынысын ауыстырды деп айыптағандардың үстінен сотқа шағым түсіретінін мәлімдеді.

2025 жылы World Boxing ұйымы әлем чемпионатына қатысатын барлық боксшы генетикалық тест тапсыруға міндетті екенін хабарлады. Алжирлік спортшы тесттен өтуден бас тартқаны үшін әлем чемпионатына жіберілмеді.

Кейін Спорттық арбитраж сотының (CAS) баспасөз қызметі Хелифтің World Boxing шешіміне қарсы апелляция бергенін хабарлады. Алайда ол турнирге қатыспай, кәсіпқой боксқа ауысты.

Хелифтің кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегі сәуірде өтуге тиіс болған. Бірақ кездесу басталуына бірнеше күн қалғанда спортшының жарақатына байланысты өтпейтіні белгілі болды.

Олимпиада чемпионының рингке қашан оралатыны әзірге белгісіз.