«Нұрсұлтан шыңы» Альпиниадасына 5000 адам қатысты

«Нұрсұлтан шыңы» Альпиниадасына 5000 адам қатысты

Алматы шаһарының ең бірінші символы Іле Алатауы болса, сол асқардың шыңдарының бірі Нұрсұлтан аталады. Ол 4376 метр биіктікте орналасқан. Жалпы, бұрын «Кіші Алматы» аталған шың 1997 жылы 6 шілдеде ҚР Тұңғыш Президентінің туған күні құрметіне «Нұрсұлтан шыңы» деп аталатын болды. Шешімді осы күні өткен жаппай Альпиниаданың қатысушылары қабылдаған екен.

Аталған шыңды бағындыру мақсатында Алматыда жыл сайын дәстүрлі Альпиниада өткізіліп тұрады. Оңтүстік астана тұрғындары биыл да әдеттен таймай альпинизмге жаппай қатысты. Оған қатысқан 5000 адамның әрқайсысы қайталанбас сезімге бөленгені хақ.

2 шілдеде өткен шара Астана күнін тойлау мерекесінің құрметіне өткізілді. Шыңды бағындырамын деп ниет білдірген адамдар қатарында қала тұрғындарымен қатар, алыс-жақын шетел, Еуропа, Азиядан келген қонақтар да болды. Альпиниада кезінде қауіпсіздік шаралары барынша қадағаланып, тауға шығу бағыты бойында Алматы әкімдігінің құтқару қызметі жұмыс істеді.

Белсенділердің жасы 16-дан басталғанымен, ата-анасының жетелеуімен келген бүлдіршіндерді де байқамау мүмкін емес еді. Биылғы шараның ең кіші қатысушысы 11 жасар бала болды. Келер ұрпақ тәрбиесіне Табиғат-Анаға деген сүйіспеншілікті сіңірудің ұмыт болмағаны шынымен қуантарлық жағдай. Жалпы, осындай іспетті шаралардың негізгі мақсатының өзі осы болса керек. 

22-ші рет өткізілген альпиниадада шыңды бағындыру тек 290 экстремал спортшының еншісіне бұйырды.

Шара барысында түсірілген фотосуреттер мен видеоматериалдар құрамына Tengrinews.kz, Massaget.kz және Vesti.kz кіретін  Effective Media Liaison компаниясының директоры Қарабалин Сұңқар Болатұлынан алынды.

А. Оралқызы